Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс ынталандыру жүйесін кеңейтуде: кәсіпорындарда Директорлар қоры іске қосылды

«Қазақмыс» Тобында 2026 жылдың шілде айынан бастап жұмыскерлерді нақты өндірістік нәтижесі мен кәсіби жетістігі үшін ынталандырудың қосымша құралы — Директорлар қоры жұмыс істей бастады. 

Жаңа тетік шешімді кәсіпорын мен өндірістік бөлімше деңгейінде тікелей қабылдауға мүмкіндік береді. Енді, өндірістік нәтижеге жауапты және ұжыммен күнделікті жұмыс істейтін басшылар ұзақ әрі қосымша рәсімдерден өтпей, нақты еңбекті жедел бағалап, жұмыскерлерді ынталандыра алады. 

Ынталандыруға негіз болатын жетістіктер қатарында күрделі өндірістік тапсырманы орындау, апаттық жағдайды жоюға немесе жоспардан тыс жөндеу жұмысына қатысу, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтау, өндірістік көрсеткіштің орындалуына елеулі үлес қосу, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, маңызды жобаларды іске асыру, ресурстарды үнемдеу және кәсіпорын үшін маңызды өзге де нәтижелер бар. 

Директорлар қоры «Қазақмыс» Тобында қолданылатын жұмыскерлерді материалдық ынталандыру жүйесін толықтырды.

Оның негізгі тетіктерінің бірі – тоқсандық сыйақы. 2026 жылы тоқсандық сыйақының мөлшері 50 АЕК-ке дейінгі төлемді, яғни 216 250 теңгені құрайды және ол жұмыс нәтижесіне, нақты жұмыс істеген уақытқа, өндірістік және өнеркәсіптік қауіпсіздік көрсеткішінің орындалуына байланысты есептеледі. Сыйақы әр тоқсанның қорытындысы бойынша төленеді. 

Кәсіби мерекеге орай арнайы ынталандыру төлемдері қарастырылған. Топ кәсіпорындары мен бөлімшелерінің жұмыскерлері саласына сәйкес кәсіби мерекеге байланысты сыйақы алады. Бұл кеншілердің, байытушылардың, металлургтердің, энергетиктердің, геологтардың және басқа да мамандық иелерінің еңбегін айрықшалауға мүмкіндік береді. 

Тағы бір бағыт – жұмыскерді кәсіби жетістігі үшін ынталандыру. Мемлекеттік, салалық және корпоративтік наградалармен марапатталған жұмыскерлерге бір реттік төлем берілуі мүмкін.

Осылайша, қолданыстағы жүйе материалдық ынталандырудың тұрақты тетіктерімен қатар, жұмыскерлердің нақты кәсіби жетістігін атап өтуге бағытталған қосымша құралдарды да қамтиды. 

Бұл ретте жүйенің негізгі қағидаты өзгермейді – ынталандыру нақты нәтижемен және еңбек қауіпсіздігімен тікелей байланыста болады. Өндірістік көрсеткішке өнеркәсіптік қауіпсіздік талабын бұзу немесе жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру арқылы қол жеткізуге жол берілмейді. 

Директорлар қоры кәсіпорындарға жұмыскерлердің бастамашылдығын, кәсіби шеберлігін және ерекше үлесін өз деңгейінде ынталандыруға мүмкіндік береді. Әрбір шешім нақты негіздемеге сүйеніп, қол жеткізілген нәтиже бойынша қабылданады.