«Батыл көшбасшылық»: Қазақмыс басшылардың қауіпсіздік үшін жауапкершілігін күшейтуде
Биыл жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында «Қазақмыс» Тобында қауіпсіздік мәдениетін трансформациялау бағдарламасы басталды. Оның негізгі мақсаты — басшының жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін жеке жауапкершілігін арттыру және басқарудың барлық деңгейінде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыру.

«Батыл көшбасшылық» деп аталған бағдарламаның алғашқы семинары Қарағандыда өтті. Оған «Қазақмыс» Тобының құрылымдық бөлімшелері мен еншілес кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Бағдарламаның негізінде жеке көшбасшылық қағидаты жатыр, себебі қауіпсіздік мәдениеті талап, нұсқаулық және бақылау арқылы ғана емес, басшылардың күнделікті қабылдайтын шешімдері, іс-әрекеті және жеке үлгі-өнеге арқылы да қалыптасады. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi семинарды аша отырып, барлық деңгейдегі басшылардан күтілетін негізгі талапты атап өтіп, қауіпсіздікке деген көзқарасты өзгерту бағытында жүйелі жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

«Қауіпсіздік мәдениеті басшының өзінен, оның жеке көзқарасы мен күнделікті қабылдайтын шешімдерінен, ең бастысы — жеке үлгісінен басталады. Сондықтан «Қазақмыс» 2026 жылды Қауіпсіздік жылы деп жариялады. Өйткені біз үшін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығынан маңызды құндылық жоқ. Қауіпсіздік — бір күндік бастама емес, күн сайын ұстанатын қағида. Әрбір қызметкер жұмысқа қандай күйде келсе, дәл сол күйінде үйіне, отбасына аман-есен оралуы керек.
«Қауіпсіздік саласындағы батыл көшбасшылық» бағдарламасы осы мәдениетті қалыптастыруда басшылардың рөлін күшейтуге бағытталған. Бағдарлама аясында жоғары және орта буын басшылары оқудан өтіп, қауіпсіздікті басқарудың ортақ тәсілін қалыптастырады. Біздің мақсатымыз — әрбір басшының қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздікті күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру», — деп атап өтті «Қазақмыс» корпорациясы Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Семинар практикалық интенсив форматында өтті. Қатысушылар қауіпсіз өндірісті қамтамасыз етудегі басшының рөлін, Қауіпсіздік мәдениетін трансформациялау бағдарламасының негізгі бағыттарын және өндірістік алаңда қолданылатын көшбасшылықтың практикалық құралдарын талқылады.
Жалпы қағидаттардан нақты әрекетке көшуге ерекше назар аударылды. Әрбір қатысушы өз бөлімшесінде іске асыруы тиіс 2-3 жеке міндеттемесін айқындады. Бұған басшының өндірістік алаңға тұрақты баруы, қауіпсіздік мәселесі бойынша жұмыскерлермен тікелей диалог жүргізуі, тәуекелдерді анықтау және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға жеке үлес қосуы жатады.
Семинар қорытындысы бойынша алдағы 90 күнге арналған Іс-қимыл жоспары әзірленді. Ол қабылданған міндеттемелерді кәсіпорындағы нақты өзгеріске айналдыруға ықпал етеді.

Қарағандыда өткен кездесу өңірлік семинар сериясының алғашқысы болды. Келесі семинар 5 қыркүйекте Жезқазғанда және 12 қыркүйекте Астанада өтеді. Іс-шараны осындай форматта өткізу барлық кәсіпорындардың басшыларын қамтуға және «Қазақмыс» Тобында өндірістік қауіпсіздік мәселесіндегі көшбасшылыққа қойылатын бірыңғай талапты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама компаниядағы өндірістік қауіпсіздікті жүйелі түрде трансформациялау жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Оның басты қағидаты — қауіпсіздік үшін жауапкершілік басшыдан басталады, ал оның жеке үлгісі бүкіл ұжымның қауіпсіз мінез-құлқының негізіне айналуы тиіс.








