«Қазақмыс» Кеншілер мен байытушылар күніне орай Сәтбаев қаласына мурал сыйлады
«Қазақмыс» корпорациясы кәсіби мереке – Кеншілер мен байытушылар күніне орай Сәтбаев қаласының тұрғындарына ерекше сый жасады.

Қаладағы ғимараттардың бірінің қасбетінде қазақтың көрнекті ғалымы, академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың бейнесі бейнеленген мурал пайда болды.
Көркем туынды тау-кен металлургия саласында еңбек етіп жүрген мамандарға деген құрмет пен алғыстың символына айналып, өңірдің тарихи мұрасын дәріптеудің ең жарқын үлгісін паш етті.
Муралда Қаныш Сәтбаевтың бейнесі кездейсоқ таңдалған жоқ: оның ғылыми қызметі Қазақстанның минералдық байлығын зерттеуде және Жезқазған тау-кен аймағын дамытуда маңызды рөл атқарды.
Мурал қалалық кеңістікпен үйлесім тауып, жер қойнауын алғашқылардың бірі болып зерттеген геологтардан бастап бүгінгі кеншілер мен байытушыларға және металлургтерге дейінгі буынның сабақтастығын көрсетті.
Қаныш Сәтбаев – отандық геология тарихындағы аса көрнекті тұлғалардың бірі. Муралға оның бейнесін салу арқылы компания ұлы ғалымның ісін жалғастырып, өңірдің дамуына үлес қосқан қала тұрғындары мен кәсіпорын қызметкерлеріне және сала ардагерлеріне ризашылығын жеткізді.
Жаңа көрнекті нысан өскелең ұрпаққа өлке тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың еңбегін танытып, білім мен еңбектің ел болашағындағы маңызын насихаттайды.
Сәтбаев қаласы үшін тау-кен өнеркәсібі – экономиканың негізі ғана емес, қаланың тарихы мен болмысының маңызды бөлігі. Мұнда тұтас еңбек әулеттері өмір сүреді, ал кенші мен байытушы мамандығы ерекше құрметке ие.
«Қазақмыс» компаниясы өзі қызмет ететін қалаларды абаттандыруға, тарихи жадыны сақтауға және мәдени ортаны дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Жаңа мурал қаланың көрнекті нысандарының біріне және Сәтбаев тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орынға айналады деп күтілуде.
«Қазақмыс» компаниясы кеншілер мен байытушыларды, сала ардагерлерін және тау-кен металлургия кешенінің барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды. Компания баршаңызға зор денсаулық, амандық, қауіпсіз еңбек және жаңа кәсіби жетістік тілейді.



