Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс пен Air Products өндірістік қуатты жаңғырту мәселесін талқылады

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, Air Products және Mercuria компанияларының басшылығы өндірістік үдерістің тиімділігін арттыру және металлургиялық қуатты жаңғыртуға арналған жұмыс кездесуін өткізді.

Шығынды азайту, энергия тиімділігін арттыру және технологиялық циклды оңтайландыру мақсатында Балқаш және Жезқазған мыс балқыту зауыттарын жаңарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі балқыту қуатын жаңғырту, ең алдымен, өндірістік тұрақтылық және тиімділікті арттыру құралы ретінде бағаланатынын айтты. Заманауи технологияларды енгізу ресурстардың меншікті шығынын азайтып, өнім шығару көрсеткішін арттыруға және жабдықтардың тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Стратегиялық даму аясында компания шығарындыларды кезең-кезеңімен төмендету мүмкіндігін қарастыруда.

Кездесу барысында тараптар техникалық газ жүйелерінің тиімділігін арттыруда Air Products компаниясының халықаралық тәжірибесін қолдану мүмкіндігін назарға алды. Атап айтқанда, тар жерлерді айқындауға, шығынды оңтайландыруға және өндірістік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған технологиялық аудит жүргізу мәселесі талқыланды.

Оттегі инфрақұрылымын жаңғыртуға және балқыту агрегаттарына оттегі-отын технологияларын енгізуге ерекше назар аударылды. Мұндай шешімді қолдану үдерістердің жылу тиімділігін арттыруға, энергия тұтынуды азайтуға және қоршаған ортаға түсетін әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ серіктестің құзыретін аса маңызды инфрақұрылымды басқаруға тартуға мүмкіндік беретін «салу–иелену–пайдалану» (build-own-operate) моделі қарастырылды. Мұндай тәсіл операциялық тәуекелді төмендетуге және өндірістік үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесу қорытындысында тараптар өндірістің тиімділігін арттыруға және компанияның технологиялық мүмкіндігін дамытуға бағытталған бірлескен шешімдерді одан әрі пысықтауға мүдделі екенін растады.