«Құсмұрын-Ақбастау» кенішіне – 20 жыл: алда дамудың жаңа кезеңі
«Құсмұрын-Ақбастау» кеніші өндірістік қызметінің 20 жылдығын атап өтті. Салтанатты шараға кәсіпорын жұмыскерлері, өндіріс ардагерлері, филиал басшылығы, әкімдік өкілдері мен ақсақалдар қатысты.

Екі онжылдық ішінде кеніш «Қазақмыс» Тобының өндірістік жүйесінде маңызды орынға ие болды. Бүгінде оның өндірістік қуаты жылына 400 мың тонна кенді құрайды. 20 жыл ішінде кеніште 18 млн тоннадан астам кен өндірілді. Кеніште жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары кен қорын тағы 10 жылға жеткілікті деңгейде ұлғайтуға мүмкіндік берді. Кен жерасты әдісімен өндіріледі де, Қарағайлы байыту фабрикасына жіберіледі. Одан алынған концентрат Балқаш мыс балқыту зауытына жөнелтіледі.
Кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында үңгілеушілер, жарушылар, механиктер, электр мамандары, инженерлік-техникалық қызметкерлер және басқа да мамандар бар. Олардың кәсіби шеберлігі мен күнделікті еңбегі кеніштің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының бас директоры Саят Бакиров ұжымды мерейтоймен құттықтап, кәсіпорынның дамуына үлес қосқан жұмыскерлер мен өндіріс ардагерлеріне алғыс айтты. Сондай-ақ ол кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарымен бөлісті.
«Мереке қарсаңында кеніштің барлық жұмыскерлеріне – тәжірибелі мамандарға, өндіріс ардагерлері мен жас жұмыскерлерге алғыс айтқым келеді. Сіздердің күнделікті қажырлы еңбектеріңіз «Қазақмыс» компаниясының дамуына және ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Алда маңызды кезең – Құсмұрын-Ақбастау кенішін дамыту, оның қуатын арттыру және байыту фабрикасын салу міндеті тұр. Ендігі кезекте фабриканы, кенішті іске қосуды және толық өндірістік цикл қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Ұжымға қауіпсіз еңбек, амандық, жаңа жетістік тілеймін!» – деді Саят Бакиров.

Шара шеңберінде кәсіпорын ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көпшілігі 40 жылға жуық ғұмырын Қазақмысқа арнап, оның жиырма жылын «Құсмұрын-Ақбастау» кенішінде өткізген. Көп жылғы еңбегі үшін ардагерлерге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының атынан естелік сыйлық табысталды.
Кәсіби жетістігі үшін кәсіпорынның қазіргі қызметкерлері де марапатталды. II дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен үңгілеуші Жанбек Саденов, ал III дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен бас механик Серік Дүйсебаев наградталды.
Құрмет грамоталарымен инженер-геомеханик Гүлнұр Отарбаева, үңгілеушілер Өмірзақ Мұхтарұлы мен Назархан Бердімұратов, жарушылар Абдулла Құрманбаев пен Дәурен Әмірзин марапатталды. Тағы ондаған жұмыскер кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі үшін сыйақы мен грамотаға ие болды.
«Құсмұрын-Ақбастау» кеніші 20 жылдық мерейтойын дамудың жаңа кезеңімен қарсы алып отыр. Өндірістік қуатты арттыру және байыту фабрикасын салу жөніндегі жоспар кәсіпорынды одан әрі дамытуға және толық өндірістік цикл қалыптастыруға бағытталған.










