Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«Қазақмыс Барлау» Ұлытау облысында 16,6 мың погондық шақырым аэрогеофизикалық түсірілім жүргізді

Ұлытау облысында екінші буындағы мемлекеттік геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасы аясында ауқымды аэрогеофизикалық зерттеулер жалғасуда. «Қазақмыс» тобына кіретін «Қазақмыс Барлау» компаниясы үш учаскеде шамамен 16,6 мың погондық шақырым түсірілім жүргізіп, 6,1 мың км² аумақты қамтыды.

Биыл Қазақстанда 1:50 000 масштабтағы екінші буындағы геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасы іске асырыла бастады. Оны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 2026–2028 жылдарға 110 млрд теңге қарастырылған. Бағдарлама бағыттарының бірі қысқа мерзім ішінде ауқымды аумақтардың заманауи геологиялық деректер алуға мүмкіндік беретін аэрогеофизикалық зерттеулер.

«Қазақмыс Барлау» жүргізіп жатқан жұмыстар жалпы аумағы шамамен 33,6 мың км² болатын территорияны кешенді геофизикалық зерттеуді көздейді. Зерттеулер аэромагниттік түсірілім, аэрогамма-спектрометрия және аэрогравиметрия әдістерін қамтиды. Алынған деректер аумақтың геологиялық құрылымының ерекшеліктерін анықтауға және кейінгі іздеу жұмыстары үшін перспективалы учаскелерді белгілеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта аэрогеофизикалық зерттеулер Ұлытау облысындағы үш учаскеде жүргізілуде. «Ұлытау №1» учаскесінде 7,1 мың погондық шақырым түсірілім жүргізіліп, 2,8 мың км² аумақ зерттелді. «Ұлытау №2» учаскесінде 4,6 мың шақырым түсірілім орындалып, 1,6 мың км² аумақ қамтылды. Ал «Ұлытау №3» учаскесінде 4,9 мың шақырым түсірілім жүргізіліп, 1,7 мың км² аумақ зерттелді.

Осылайша, үш учаскеде бүгінгі күнге дейін шамамен 16,6 мың погондық шақырым аэрогеофизикалық зерттеу жүргізіліп, 6,1 мың км² аумақ қамтылды. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда.

Келесі кезеңде алынған ақпарат кешенді түрде өңделіп, интерпретацияланады. Аэромагниттік, гамма-спектрометриялық және гравиметриялық түсірілім нәтижелерін бірлесіп талдау зерттеліп жатқан аумақтардың геологиялық құрылысын нақтылауға, перспективалы учаскелерді анықтауға және егжей-тегжейлі іздеу мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Аэрогеофизикалық зерттеулердің нәтижелері аумақты одан әрі зерттеу және оның ресурстық әлеуетін бағалау үшін заманауи геофизикалық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта алынған деректер геологиялық барлаудың келесі кезеңдеріне арналған жаңа учаскелерді дайындауға және Қазақстанның минералдық-шикізат базасын дамытуға пайдаланылуы мүмкін.