Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«IT-Kazakhmys» – алтын жүлдегер: «Қазақмыс» Тобының командалары ТМКҚ кубогында көшбасшы екенін растады

Астанада тау-кен металлургия саласы кәсіпорындарының арасында шағын футболдан өткен ТМКҚ-2026 кубогының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Турнирдің бас жүлдесі мен Испанияда өтетін халықаралық жарысқа берілетін жолдаманы финалда Жезқазған байыту фабрикасының (ЖБФ) командасын жеңген «IT-Kazakhmys» құрамасы иеленді.

Турнирдің шешуші күні «Қазақмыс» Тобының өкілдері үшін табысты болды. Бірінші орынға таласқан тартысты кездесуде «IT-Kazakhmys» пен ЖБФ командалары күш сынасты. Матч 2:1 есебімен ІТ мамандарының пайдасына шешілді. Осылайша «Қазақмыс» командалары үшінші жыл қатарынан тау-кен металлургия саласында көшбасшы мәртебесін сақтап қалды.

Қола жүлде үшін өткен кездесуде де «Қазақмыс» Тобының командалары бақ сынады. Балқаш мыс балқыту зауытының (БМЗ) құрамасы Жезқазған мыс балқыту зауытының (ЖМЗ) командасын 4:2 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдегері атанды.

Турнир қорытындысы бойынша жекелеген аталымда үздік ойыншылар анықталды:
• Үздік сұрмерген – Алмас Заирбеков (ЖБФ);
• Үздік қорғаушы – Сержан Базарбай (Kazakhmys Smelting ЖМЗ);
• Турнирдің үздік ойыншысы – Абылай Сейітқалиев (Kazakhmys Smelting БМЗ).

Турнир жеңімпазы атанған «IT-Kazakhmys» командасы 2026 жылдың қыркүйегінде Испанияның Камбрильс қаласында өтетін CHAMPIONS LEAGUE және EURO CUP / MASTERS (EMF) халықаралық турнирлеріне қатысу құқығына ие болды. Ал күміс жүлдегер — ЖБФ командасы 2026 жылдың қазан айында ел намысын Түркияның Анталия қаласында өтетін EURO BUSINESS Cup турнирінде  қорғайды.

Бұқаралық спортты қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау – «Қазақмыстың» әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Осындай іс-шаралар корпоративтік бірлікті нығайтуға және компанияда 2026 жылдың басым бағыты ретінде айқындалған қауіпсіздік мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Топ жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыруға және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді.