Қарсақбайдағы алғашқы мысқа 90 жыл
13.09.2018
Бұл зауыттың тарихы өткен ғасырдың алғашқы онжылдығында, Сарыарқа жеріне ағылшындар қызығушылық танытқан кезден басталады. 1928 жылы зауыттың ашылуына біздің отандасымыз, белгілі ғалым Қаныш Сәтбаев ерен еңбек сіңірді. 1942 жылы кәсіпорын әскери жұмыс жағдайына көшіп, майдан даласына қажетті техникалар мен бөлшектер жасап шығарды. 1973 жылдан кейін Қарсақбай өндірісі металлургияға қайта бағытталып, зауыттың негізгі қызметі «Kazakhmys Holdings» ЖШС кәсіпорындарына шойын өнімдерін құю болды. Зауыт компанияның кеніштерінде, зауыт-фабрикаларында қолданылатын жабдықтарға арналған бөлшектердің 80-ге жуық тауарлы түрін шығарады. Бүгінде "Қазақмыс" - табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу бойынша халықаралық жетекші компания. Корпорация мысты ғана емес, басқа да пайдалы қазбаларды іздеу, барлау, өндіру, байыту, қайта өңдеу және экспорттауды жүзеге асырады. Бұл жұмыстарды осының барлығы бастау алған Қарсақбай зауытынсыз, мыс қорыту ісінің бастауынсыз елестету мүмкін емес. 1928 жылы Қарсақбайда алғашқы мыс балқытылған күн Қазақмыс үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. Қазақстанда мыс өндірісі осы күннен басталады. 90 жылдық тарихы бар Қарсақбай мыс қорыту зауыты Қазақстандағы түсті металлургияның тұңғышы болып саналады.



