ESG-амбассадордың үндеуі

Құрметті әріптестер, серіктестер және стейкхолдерлер!

2024 жыл «Қазақмыс» компаниялар тобы үшін орнықты даму және ESG саласындағы ұстанымдарды нығайту кезеңі болды. Біз экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытында жүйелі түрде алға жылжып, бизнес пен қоғам үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруды жалғастырудамыз. ESG есептілігінің ашықтығын күшейтіп, компанияны халықаралық тәжірибелерге жақындата түсеміз.


Қызметіміз аясында біз экологиялық ізді азайту, өңірлердің дамуын қолдау және халықаралық басқару стандарттарын енгізу жөніндегі бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз. Басты басымдығымыз – компания жұмыс істейтін өңірлердің экологиясына қамқорлық жасау. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Тұрақты конвенциясы Тараптарының 29-сессиясында және халықаралық One Water Summit алаңында біз негізгі экологиялық бастамаларымыздың бірі – Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мақсатында компанияның 5 млн АҚШ долларын бағыттау жөніндегі шешімін таныстырдық. Бұл қадамды біз бір реттік инвестиция немесе қайырымдылық актісі ретінде емес, еліміздің табиғи мұрасын қорғауға және келер ұрпаққа қосқан саналы үлес пен жауапкершілік ретінде қарастырамыз. Осы кезеңде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі және Францияның Геологиялық және тау-кен ғылымдары бюросымен (BRGM) бірлесіп Балқаш көлін сақтау және қорғау жөніндегі мастер-жоспарды әзірлеу бастамасына қосылу мүмкіндігін қарастыруда.

Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық стратегиясына және «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес «Қазақмыс» жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бастамашылдықпен іске асыруда. Осылайша, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен «Kazakhmys Smelting» ЖШС «KAZ GREEN ENERGY» ЖШС-ның жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін станцияларымен тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасты. 2024 жылы «Қазақмыс» тобы кәсіпорындарының ЖЭК тұтыну көлемі 276 млн кВт*сағатты құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе жоғары. Климатқа нақты әсерімізді басқару және көміртегі ізін толық есепке алу үшін биыл алғаш рет парниктік газдардың жанама шығарындылары (Scope 2) есептелді.

Жұмысымыздың ажырамас бөлігі – су ресурстарын ұтымды басқару. 2024 жылы байыту фабрикаларында су айналымы жүйелерін жаңғырту жалғасты, бұл таза су алу көлемін азайтуға және суды қайта пайдалану үлесін арттыруға мүмкіндік берді.

Біз технологиялық серпілістердің негізі ғылым мен ғылыми орталықтармен ынтымақтастық деп сенеміз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, 2024 жылғы 1–3 шілде аралығында елімізде алғаш рет ғылыми-инновациялық хакатон өткізілді. Бұл шара ғылыми қауымдастық, зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындар арасында экология, цифрлық жобалар, шығынсыз өндіріс және өзге де бағыттар бойынша шешімдерді бірлесіп табуға арналған ерекше алаңға айналды.

Алайда барлық бастамалардың негізгі қозғаушы күші әрі біздің басты құндылығымыз – адамдар: қызметкерлеріміз, олардың отбасылары және компания жұмыс істейтін өңір тұрғындары. Өңірлердің әл-ауқатына және дамуына қамқорлық көрсету – жай ғана стратегия бөлшегі емес, компанияның ұзақ мерзімді орнықтылығының негізін құрайтын басты жауапкершілік. 2024 жылы «Қазақмыс» Ұлытау облысы әкімдігімен жасалған меморандум аясында спорт кешені, балабақша, жағалау құрылысы, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және инфрақұрылымды дамыту секілді 30 маңызды жобаны іске асыруға 15,5 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қолдау және өңірді дамыту салаларындағы маңызды жобаларды іске асыратын негізгі серіктес ұйымдармен, қорлармен және ҮЕҰ-лармен белсенді жұмыс істейді.

«The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп Ұлытау, Шу және Қарағанды өңірлерінің мұғалімдеріне арналған педагогикалық трансформация жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама компанияның жұмыс істейтін өңірлеріндегі 85 мектепті қамтып, облыстағы білім беру сапасын арттыруға жағдай жасайды.

«Qazaqstan Halqyna» қорының қолдауымен білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтар ашу, спорт залдарын салу бағыттарында бірқатар ірі бастамалар жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта заманауи тірек мектептерін құру жобасы іске асуда.

«Ulytau Sport Qory» «Ұлытау» футбол клубын тұрақты қаржыландырып, өңірде шахмат спортын дамытуға арналған бастамаларды жүзеге асырады, сондай-ақ экологиялық акциялар мен спорттық турнирлердің өткізілуіне қолдау көрсетеді.

Осылайша, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тек өз бағдарламаларын жүзеге асырып қана қоймай, негізгі өңірлердегі әлеуметтік бастамалардың тиімділігін арттыру үшін кең серіктестік желісін қалыптастыруда.

Бүгінде «Қазақмыс» жеке бастамаларды ғана жүзеге асырып отырған жоқ — біз Қазақстанда корпоративтік жауапкершіліктің жаңа стандартын қалыптастырып келеміз. Біздің миссиямыз – экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық жауапкершілік саласында көшбасшылықтың үлгісі болу. Әрбір жоба, әрбір инвестиция және әрбір шешім қызметкерлерімізге, өңір тұрғындарына және елімізге нақты пайда әкелуге тиіс деп санаймыз. Осы күш-жігер арқылы біз орнықты дамудың, өңірлердің ұзақ мерзімді өркендеуінің және қоғамның жалпы игілігінің негізін қалыптастырып, бизнестің адамдарға қамқорлықпен қатар жүруі мүмкін екенін көрсетеміз.

Алдағы уақытта да біз есептіліктің ашықтығын күшейтіп, нәтижелермен және жоспарлармен бөлісуді жалғастырамыз.

Құрметпен,

Шаяхметов С.Б.
Тұрақты даму директоры
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС

image

Әлеуметтік жауапкершілік

2024 жылы «Қазақмыс» Ұлытау облысы әкімдігімен жасалған меморандум аясында спорт кешені, балабақша, жағалау құрылысы, қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және инфрақұрылымды дамыту секілді 30 маңызды жобаны іске асыруға 15,5 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

«Kazakhmys Copper» (Қазақмыс Коппер) АҚ-ның 2024 жылға арналған жылдық есебі

8.98 MB, pdf