Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыста қауіпсіздік мәдениетін дамытудың бес жылдық бағдарламасы әзірленді

«Қазақмыс» Тобында 2026–2030 жылдарға арналған қауіпсіздік мәдениетін трансформациялау жөніндегі Жол картасы әзірленді. Жаңа бағдарлама Қауіпсіздік жылының негізгі бағыттарының біріне айналып, алдағы бес жыл ішінде компанияның өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін дамытудың негізгі бағдарын айқындайды.

 

Бағдарламаның негізгі мақсаты — қауіпсіздікті тек өндірістік талап ретінде ғана емес, әрбір жұмыскердің жеке жауапкершілігі ретінде қабылдайтын мәдениет қалыптастыру. Мұндай тәсіл қауіпсіз мінез-құлықты күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейді, ал тәуекелдің алдын алуды басшылар мен өндірістік персоналдың ортақ міндеті ретінде қарастырады.

Жол картасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамыту, барлық деңгейдегі жұмыскерлерді оқыту, ішкі коммуникацияны жетілдіру, өндірістік тәртіпті нығайту және қауіпсіз мінез-құлықтың тұрақты дағдысын қалыптастыру бағыттарын қамтиды.

Бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылы негізгі назар жоғары басшылық пен орта буын басшыларын дайындауға бағытталады. Мамандандырылған семинар өткізу, «Батыл көшбасшылық» бағдарламасын іске қосу, Басқарушы комитеттердің жұмысын дамыту, сондай-ақ кәсіпорындардағы желілік басшылар мен жұмыскерлерді оқытатын ішкі тренерлерді даярлау жоспарланған.

Одан кейінгі жылдары бағдарлама басқарудың барлық деңгейін және өндірістік персоналды қамтиды. Компания басшылар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлауды жалғастырып, қауіпсіздік мәдениетін тұрақты бағалау жүйесін енгізеді, жұмыскерлер арасында тәуелсіз сауалнама жүргізеді және ішкі өзгерістер көшбасшыларын дамытуға бағытталған «Қауіпсіздік мәдениетінің чемпиондары» бағдарламасын іске қосады.

Жол картасын іске асыру барысында оқыту бағдарламасы мен іс-шаралар шамамен 35 мың жұмыскерді қамтиды деп күтілуде. Оның ішінде 165-ке жуық жоғары буын басшысы, 1 500 орта буын басшысы, 4 000 желілік басшы және 30 000 жұмыскер бар.

Қауіпсіздік мәдениетін трансформациялау — жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, өндірістік тәуекелдердің алдын алуға және өндірістік үдерістің сенімділігін арттыруға бағытталған Қазақмыстың ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі. Осы жұмыстың нәтижесінде қауіпсіздік мәселесі жоспарлау кезеңінен бастап өндірістік операцияларды орындауға дейінгі әрбір үдерістің ажырамас бөлігі болып саналатын бірыңғай тәсіл қалыптасуы тиіс.