Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Мамандыққа адалдық: Қазақмыстың бұрғылаушысы 20 жылдық тәжірибесін жас кеншілерге үйретіп жүр

«Қазақмыс» Тобының Оңтүстік Жезқазған кенішінде тәжірибелі кеншілер жас мамандарға кәсіптің қыр-сырын меңгеруге көмектесіп, өндірістік міндетті қауіпсіз орындауды үйретеді. Осындай тәлімгерлердің бірі – №45 шахтаның №3 учаскесінде теспе бұрғылаушы болып жұмыс істейтін Шыңғыс Әйнеков. Ол 8 жылдық тәлімгерлік қызмет барысында бұрғылаушының жеті көмекшісін даярлаған. Кейін шәкірттері өз бетінше жұмыс істейтін бұрғылаушыға және үңгілеушіге айналған.



Шыңғыс Әйнековтің өндірістік еңбек өтілі – 20 жыл. Қазір ол сегізінші шәкірті, кеніште еңбек етіп жүргеніне екі ай болған Әліби Сағынтайды тәрбиелеуде.

Тәжірибелі маманның жетекшілігімен жас жұмысшы жабдықтың құрылымын және оны жұмысқа дайындау тәртібін меңгеріп, жұмыс орнын тексеруді, өндірістік тәуекелді бағалауды және қауіпсіздік талабын сақтауды үйренуде.

«Ең алдымен адамға қауіпсіздік техникасын сақтауды үйрету керек. Мен ауызша түсіндіргенді емес, іс жүзінде көрсеткенді дұрыс деп санаймын. Мысалы, жас маман тау жынысының опырылып құлау қаупі бар учаскенің не екенін және оның қаншалықты қауіпті екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан нақты мысал арқылы мұндай жерді қалай анықтау керектігін, қандай әрекет жасауға болатынын және не істеуге болмайтынын түсіндіру қажет», – дейді Шыңғыс Әйнеков.


Әліби Сағынтайдың айтуынша, тәжірибелік оқыту оған өндірістік үдерісті жақсы түсінуге және жұмысқа кіріспес бұрын ықтимал тәуекелді бағалауға көмектеседі. Алдағы уақытта ол бұрғылаушы мамандығын толық меңгеруді жоспарлап отыр.

Оңтүстік Жезқазған кенішінде тәлімгерлер қатарына өндірістік еңбек өтілі мол және тәлімгер сертификатын алған жұмыскерлер тағайындалады. Бір маманға екі тәлімгер бекітілуі мүмкін. Оқыту үш айға созылады және жаңа жұмыскердің сынақ мерзімімен тұспа-тұс келеді.

Тәлімгерлік – «Қазақмыс» Тобының жұмыскерлерді даярлау және жаңа жұмыс орындарына бейімдеу бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. 2026 жылы бағдарламаға 1 600-ден астам тәжірибелі маман қатысуда.

Бағдарлама жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерді ғана емес, басқа өндірістік учаскелерге ауыстырылған жұмыскерлерді, кадр резерві, өндірістік практика, дуальды оқыту және кәсіби тағлымдама бағдарламаларының қатысушыларын да қамтиды.

Тәлімгерлер жас әріптестеріне тәжірибелік білімі мен кәсіби машығын үйрете отырып, олардың өндірістік міндетті сенімді орындауына және өзінің қауіпсіздігі мен айналасындағылардың амандығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.