Қазақмыста өндірістегі бос жұмыс орындарына үміткерлермен комиссиялық әңгімелесу өтті
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Жезқазғандағы кеңсесінде Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқарма мен Жезқазған байыту фабрикасындағы бос жұмыс орындарына үміткерлермен комиссиялық әңгімелесудің кезекті кезеңі өтті. Мұндай іс-шаралар компанияның барлық бөлімшелерінде қолданылатын және жұмысқа қабылдау кезінде ашықтықты, объективтілікті және бірыңғай стандарттарды қамтамасыз етуге бағытталған персоналды іріктеудің бірыңғай жүйесі аясында тұрақты негізде өткізіледі.
Бүгінде Корпорация бөлімшелерінде 150-ге жуық бос жұмыс орны бар. Мамандарды жерасты кеніштеріне, байыту фабрикаларына және қосалқы өндірістік кәсіпорындарға іріктеу жалғасуда.
Жүйенің негізгі қағидаттарының бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және үміткерлердің кәсіби құзыретін объективті бағалау. Жұмысқа қабылдау туралы шешімді персоналды басқару қызметінің өкілдерінен, кәсіпорын басшыларынан, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандарынан және бейінді техникалық мамандардан құралған комиссия қабылдайды.
Іріктеу үдерісі бос жұмыс орындарының корпоративтік порталына өтінім беруден басталады. Біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін үміткерлер Сәтбаев технологиялық колледжінің базасында кәсіби тестілеуден өтеді. Тестілеуге дайындалу үшін үміткерлерге сұрақтар тізімі алдын ала беріледі. Келесі кезеңге өту үшін қатысушы жалпы сұрақтардың кемінде 70%-на дұрыс жауап беруі тиіс (мысалы, 50 сұрақтың кемінде 37-сіне дұрыс жауап беру қажет).
Тестілеуден сәтті өткеннен кейін үміткерлер комиссиялық әңгімелесуден, бейінді қызметтердің тексеруінен және медициналық тексеруден өтеді. Сондай-ақ олар еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша міндетті оқудан өтеді. Жалпы жұмысқа қабылдау үдерісі орта есеппен үш аптадан бір айға дейін созылады.
Корпорацияға қатысы бар өңірлерде рекрутинг бөлімдері жұмыс істейді. Олардың мамандары үміткерлерге іріктеудің барлық кезеңінде қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасу мәселесі бойынша кеңес береді.
Өндірістік мамандықтардың басым бөлігіне жұмысқа орналасу үшін үміткердің кәсіби білімі мен тиісті біліктілігінің болуы міндетті талап болып табылады. Мұндай тәсіл кәсіби кадрлардың резервін қалыптастыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтауға және бірыңғай корпоративтік стандарттардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.






