Қазақмыстың жұмыскерлері мен басшылары мемлекеттік наградалармен марапатталды
Республика күні қарсаңында «Қазақмыс» Тобының басшылары мен жұмыскерлері көпжылдық адал еңбегі, кәсіби жетістіктері және еліміздің тау-кен металлургия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды. Салтанатты марапаттау рәсімдері Жезқазған және Астана қалаларында өтті.

Жезқазғанда наградаларды Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен табыстады.
🏅 «Құрмет» орденімен марапатталғандар:
• Руслан Өскенәлі – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы. Өнеркәсіп саласында мол басқарушылық тәжірибесі бар. 2026 жылғы қаңтардан бастап Корпорацияны басқарып келеді.
• Жәнібек Байғабелов – «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС металлургия жөніндегі бас операциялық директоры. Өндірістік активтерді басқару және металлургия саласын дамыту бағыттарында көпжылдық тәжірибесі бар.


🏅 «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды:
• Сенбек Ержанов – Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасының шахталық электровоз машинисі. «Қазақмыс» Тобы кәсіпорындарында 28 жыл еңбек етіп, слесарьдан тәжірибелі жерасты электровоз машинисіне дейінгі кәсіби жолдан өтті. Кәсіби жетістігі үшін бұған дейін III дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
🏅 III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды:
• Жасұлан Ізтілеуов – «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС «Жезқазғансервис» кәсіпорнының электр слесарі. 26 жылдан астам уақытын тау-кен шахта жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына арнады. Награда оның кәсіби еңбегін бағалау және рухына құрмет көрсету белгісі ретінде отбасына табысталды.
Тау-кен металлургия кешені өкілдерін марапаттау рәсімі Астана қаласында да өтті.

Марапатталғандардың қатарында Нұрлан Атабаев – Ғ. О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің Жезқазған шахтапроходкалау басқармасының үңгілеушісі бар. Оның тау-кен саласындағы еңбек өтілі 25 жылдан асады. Еңбек жолын үңгілеушінің шәкірті болып бастап, жоғары білікті маман дәрежесіне жетті. Ол – «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері.
Республика күніне орай табысталған наградалар «Қазақмыс» Тобы басшылары мен жұмыскерлерінің отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Мемлекеттік және ведомстволық марапаттар кәсіпорындарды дамытуға үлес қосқан басшылардың еңбегімен қатар, Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген өндіріс мамандарының көпжылдық адал қызметіне берілген жоғары баға болды.



