Бес қазандықтың орнына алтау: Жезқазған ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы аяқталуда
02.10.2025
Биылғы жылыту
маусымында ЖЭО алты қазан агрегатын іске қосады, ал маусым барысында тағы бір
қазандықты енгізу жоспарлануда. Осылайша жылу беру кезеңінің негізгі бөлігінде
жеті қазан агрегаты жұмыс істейді. Айта кетейік, бұған дейін ЖЭО жылыту
маусымын төрт немесе бес қазандықпен өткізетін. Ендігі қуат станцияның әлеуетін
арттырып, қала тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтуға
мүмкіндік береді. Жылыту маусымына
дайындық аясында кешенді жөндеу және жаңғырту жұмысы жүргізілді. Негізгі
қазандық пен турбоагрегаттарға күрделі жөндеу жасалды, электрмен жабдықтау
жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар, жабдықтың тиімділігін арттыратын жаңа сүзгі
орнатылды. Станцияда
ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілуде: №10 қазан агрегаты толығымен бұзылып,
орнына заманауи жаңа жабдық орнатылады. Жағалау сорғы станциясының электрмен
жабдықтау сызбасын қайта құру жобасы аяқталды. Құрылыс жұмысы
барысында турбиналық цехтың ортаңғы блогының шатыры жөнделді, бұған шамамен 1
млрд теңге жұмсалды. Жалпы, қысқы маусымға дайындық жұмысына 12,6 млрд теңгеден
астам қаржы бөлінді: оның 5 млрд теңгесі – бюджет қаражаты, 7,6 млрд теңгесі – инвестиция. Барлық жұмыс
«KEGOC» АҚ-мен келісілген кестеге сәйкес атқарылуда. Ерекше атап
көрсетерлігі, жұмыстың барлығы
техникалық қызмет тарапынан қатаң бақылауға алынған. Қала әкімінің
өкімімен Жезқазған ЖЭО 6-қазанда "ЖСЖК" АҚ қалалық желілеріне жылу
беруді бастайды.



