Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Сәтбаевтағы №1 жылу станциясы қысқы маусымға дайындығын аяқтады

№1 жылу станциясын жөндеуге бюджеттен шамамен 2 млрд теңге бөлінді. Қаражат ағымдағы жөндеу жұмысына және ірі инвестициялық жобаларға бағытталды. Жұмыс барысында бу жіберетін және су қыздыратын қазандықтарға ағымдағы жөндеу жүргізілді, құбыр жүйесі ауыстырылды, сонымен қатар механикалық тазалау жүйесіне жаңа сүзгі орнатылды. №1 қазандық күрделі жөндеуден өтті, ал құны 227 млн теңгені құрайтын №4 қазандықтағы жаңғырту жұмысы қазанның 20-сына дейін толық аяқталады. Бұған қоса күл шығарындыларын азайту мақсатында тазалау жабдықтары мен қатты бөлшектерді ұстау құрылғыларына (скрубберлерге) жөндеу жүргізіліп, эмульгаторлар орнатылды. Бұл жұмысқа 448 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін жылу желісіне лайұстағыш орнату мен аспирациялық қондырғыларды жөндеу жұмысын аяқтау жоспарлануда. Бұл жобалар жабдықтың сенімділігін арттырып, қыс мезгіліндегі жылумен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, Сәтбаев қаласындағы жылу желісінің операторы – «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорыны» ЖШС-ның қазандық алдында 2 млрд теңгеден астам қарызы бар. Бұл берешек мердігер ұйымдардың алдындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына кері әсер етіп, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын тиісті мерзімде жүргізуді қиындатып отыр. "Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны" ЖШС қалалық желілеріне жылу беру 2 қазанда басталады.