Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Өтініштен нақты іске дейін: Қазақмыста жұмыскерлерді жеке қабылдаудың бірыңғай кестесі енгізілді

Қазақмыс еңбек ұжымының өтініштерімен жүйелі жұмысты жалғастырып, жұмыскерлермен кері байланыс жүргізу нәтижесінде қабылданған шешімдерді іске асыруда. Осындай шешімдердің бірі – жұмыскерлердің компания басшылығымен жеке байланыс орнату тәртібін жетілдіру.

Бірыңғай әрі түсінікті тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және оның компанияларындағы барлық басқару деңгейіндегі басшылардың жұмыскерлерді жеке қабылдау кестесі бекітілді.

Әр сәрсенбі сайын сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін өндірістік алаңдардың, кеніштердің, шахталардың, фабрикалардың, цехтардың, телімдер мен өндірістік нысандардағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары жұмыскерлерді жеке қабылдайды.

Әр айдың бірінші бейсенбісінде сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін филиалдар мен компаниялардың бірінші басшылары, сондай-ақ филиал деңгейіндегі басшылар жұмыскерлерді жеке қабылдайды.

Әр айдың соңғы бейсенбісінде сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін Басқарма төрағасының орынбасарлары, басқарушы директорлар және департамент басшылары жұмыскерлерді жеке қабылдайды. Сонымен қатар тоқсан сайын Басқарма төрағасы еңбек ұжымымен кездесу өткізеді.

Жеке қабылдауға жазылу персоналды басқару қызметі, сондай-ақ SEN мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. «Менің өтініштерім» бөлімінде жұмыскерлер өз өтінішін жолдап, таңдаған басшының жеке қабылдауына жазыла алады.

Тікелей диалогтың қосымша форматы ретінде басшылардың еңбек ұжымымен ай сайынғы кездесуі және өндірістік алаңдарда өткізілетін жеке қабылдаулар жалғасуда. Кездесу басшылардың кеніштер мен басқа да нысандарға жұмыс сапары барысында, сондай-ақ бейнеконференция форматында өткізіледі.

Өтініштердің қаралу барысы мен олардың белгіленген мерзімде орындалуына ерекше назар аударылады. Жеке қабылдаудың бірыңғай кестесі жұмыскерлерге басшылыққа жүгіну тәртібін нақты түсінуге және өз мәселесін жедел қаратуға мүмкіндік береді. 

Қазақмыс еңбек ұжымымен тікелей диалог жүргізуді одан әрі дамытып, компанияның барлық басқару деңгейінде кері байланыс тетіктерін жетілдіруді жалғастырады.