Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Өтініштен нақты іске дейін: Қазақмыста жұмыскерлерді міндетті оқытудың икемді форматы сақталады

Қазақмыс жұмыскерлердің міндетті оқудан қашықтан өту мүмкіндігін сақтап қалды. Бұл шешім еңбек ұжымының оқу дайындығын онлайн форматта жалғастыру туралы өтініші негізінде қабылданды.

Қашықтан оқыту форматы қолданысқа 2020 жылы енгізіліп, компанияда өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және электр қауіпсіздігі секілді міндетті бағыттар бойынша қолданылып келеді.

Бұған дейін компания міндетті оқытудың негізгі форматы ретінде офлайн оқытуға көшуді қарастырған еді. Мұндай тәсіл практикалық сабақ өткізуге, оқытушылармен бірге өндірістегі нақты жағдайды талдауға және жабдықпен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оқытудың бұл түріне көшуге дайындық барысында Кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтарында тиісті жұмыс басталды.

Сонымен қатар жұмыскерлердің ұсыныстары ескеріліп, қашықтан оқыту форматын сақтау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда бөлімшелер оқу бағдарламасы мен өндірістік жағдайды ескере отырып, оқытудың өздеріне қолайлы форматын – қашықтан, офлайн немесе аралас форматты таңдай алады.

Онлайн оқыту кезінде оқу материалы мен тестілеу Google Classroom платформасында қолжетімді болады. Бағдарлама аясында оқытушылармен бейнеконференция өткізіледі. Оның барысында жұмыскерлер оқу тақырыбын талқылап, сұрақтарына жауап ала алады.

Айта кету керек, жұмыскерлерді даярлау жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі практикалық оқытуға бағдарлану болып табылады. Жұмыскерлер үшін оқу полигондарында, тренажерлар мен симуляторларда практикалық сабақ өткізу жоспарлануда. Оның аясында өндірістегі апаттық жағдайдың сценарийлері пысықталып, тәуекелді бағалау дағдылары жетілдіріледі. Сонымен қатар оқыту барысында заманауи әдістерді – VR-технологиялар арқылы оқытуды, цифрлық егіздерді, нақты өндірістік жағдайды талдауды, сондай-ақ өндірісте тәлімгерлер мен тәжірибелі сарапшылардың қатысуымен оқытуды енгізу көзделіп отыр.

Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін қашықтан оқыту практикалық сабақпен толықтырылады. Мәселен, «Жомарт» кенішінің жұмыскерлері үшін оқытушылардың тікелей өндірістік алаңға барып, сабақ өткізуі қарастырылған. Сондай-ақ практикалық оқытуға арналған модульдік оқу полигонын салу жоспарланған. Кадр даярлау және қайта даярлау орталығы өндірістік аумақта орналасқан Балқаш өндірістік алаңында да аралас оқыту форматы қолданылады. Мұнда алғашқы көмек көрсетуге арналған манекендер мен өрт қауіпсіздігі бойынша оқу стендтері пайдаланылады.

Бұған қоса компания жұмыскерлерді өндірістік алаңдардың өзінде практикалық даярлауға арналған оқу инфрақұрылымын дамытуды жалғастыруда. Балқашта студенттер мен жұмыскерлерге түрлі жағдайларды модельдеп, дұрыс әрекет ету тәртібін пысықтауға, өндірістегі тәуекелдерді дұрыс бағалау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін оқу-жаттығу полигоны іске қосылды.

Алдағы уақытта осындай оқу-жаттығу алаңдарын Ғ. Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінде, «Анненск» шахтасының ӘТК аумағында, Жезқазған мыс балқыту зауытында және «Kazakhmys Maintenance Services» нысандарында құру жоспарлануда. Сонымен қатар әрбір шалғай өндірістік алаңда қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін барлық жұмыскерлерді практикалық оқытуға арналған типтік оқу полигондарын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Оқыту құрылымдық бөлімшелердің бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі. Жұмыскерлер алдағы оқыту туралы ақпаратты персоналды дамыту және оқыту мамандарынан алдын ала алады. Практикалық оқытуға жіберілетін жұмыскерлер оқу кезеңінде жұмыстан босатылып, олардың жалақысы толық көлемде сақталады.

Жыл сайын Сәтбаев қаласындағы Кадр даярлау және қайта даярлау орталығында 42 мыңнан астам жұмыскер, ал Балқашта 33 мыңға жуық адам оқытудан өтеді.

Осылайша, қашықтан оқыту форматын практикалық оқытумен ұштастыра отырып сақтау шалғайдағы бөлімшелердің жұмыскерлері үшін міндетті оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал практикалық сабақ практикалық даярлық қажет болған жағдайда өткізіледі.