Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Тәлімгерлік және оқыту: Қазақмыста қауіпсіз еңбек мәдениеті қалай қалыптасады

«Қазақмыс» Тобында жас мамандарды өндірістегі қауіпсіз еңбекке даярлау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Жүйенің негізгі бағыттарының бірі – тәлімгерлік, оқыту және өндірістегі негізгі қауіп-қатерлер бойынша білімді міндетті бағалау. Аталған жұмыс компанияда жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында жүзеге асырылуда. 

Қазіргі кезде Жезқазған өңіріндегі кәсіпорында еңбек өтілі бір жылдан аспайтын, жасы 35-ке дейінгі 685 жұмыскердің білімі тексерілуде.

Жұмысқа қабылданған алғашқы күннен бастап әрбір жаңа қызметкерге тәлімгер бекітіледі. Ол мамандықты меңгеруге, өндірістік үдеріспен танысуға және еңбек қауіпсіздігі талабын игеруге көмектеседі. Бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін жас жұмыскердің білімі бағаланады. Бағалау барысында комиссия оның нормативтік талаптарды білу деңгейін ғана емес, сонымен қатар өндірістік тәуекелді анықтай алуын және нақты жұмыс жағдайында дұрыс шешім қабылдау қабілетін де тексереді.

 Егер бағалау қорытындысы бойынша білім деңгейінде олқылық анықталса, қызметкер Qauipsizdik Start (QStart) бағдарламасы бойынша қосымша оқытуға жіберіледі. Бағдарлама қауіпті анықтау, тәуекелді бағалау, жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану және штаттан тыс жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету бойынша практикалық даярлықты қамтиды. Оқыту аяқталғаннан кейін жұмыскердің білімі қайта тексеріледі.

Жезқазған байыту фабрикасында бағалаудың алғашқы кезеңі аяқталды. Қосымша оқытудан өткен жас мамандардың бірқатары тиісті даярлық деңгейін растады. Олардың қатарында №1 ұсақтау корпусының слесарь-жөндеушісі Нұрдәулет Сайлаубай да бар. Ол QStart бағдарламасы бойынша оқып, білімін қайта бағалау кезеңінен сәтті өтті.

«Тәжірибе уақытпен келеді. Біздің мақсатымыз – жас жұмыскерлерді өндірістегі тәуекелді дер кезінде анықтауға және өз жұмысын қауіпсіз орындауға үйрету. Егер тексеру барысында қандай да бір білімді қосымша бекіту қажет екені анықталса, жұмыскер қосымша оқытудан өтіп, білімі қайта бағаланады. Мұндай тәсіл қауіпсіз еңбек мәдениетін кәсіпорындағы алғашқы жұмыс күнінен бастап қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Персоналды оқыту және дамыту бөлімінің өкілі Руслан Исмұхамбетов.

«Қазақмыста» тәлімгерлік, оқыту және білімді тұрақты бағалау өндірістік тәуекелдерді басқару жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Бұл тәсіл жас мамандардың өндірістік ортаға жылдам бейімделуіне, қажетті практикалық дағдыларды меңгеруіне және күнделікті жұмысында еңбек қауіпсіздігі талабын қолдануына септігін тигізеді. 

Қауіпсіз еңбек мәдениетін дамыту «Қазақмыс» Тобы үшін негізгі басымдықтың бірі болып қала береді. Компания жұмыскерлерді даярлау жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіріп, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және әрбір қызметкердің ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі.