Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

«Жыланды» кенішінде техниканы жаңғырту, өндірісті қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды

«Жыланды» кенішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев өндірістік учаскелердің бригадирлерімен кездесті. Ашық диалог барысында жұмыскерлердің бұған дейін көтерген өзекті өндірістік мәселелері қаралып, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары талқыланды.

Кездесу барысында қаралған негізгі мәселелердің бірі – тау-кен көлігі техникасы паркін жаңарту болды. Жыл соңына дейін кенішке екі заманауи Boomer бұрғылау қондырғысы жеткізіледі. Бұл бұрғылау жұмысының тиімділігін арттыруға, тәуекелді азайтуға және тозу деңгейі жоғары жабдықты ауыстыруға мүмкіндік береді. 

Кездесу барысында бөлімшелерді қосалқы бөлшектермен және құрамдас бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өндірістік жабдықтың сенімділігін арттыру бағдарламасы аясында компания қосалқы бөлшектер сатып алуға 6,7 млрд теңге бөлді. Оның 1,2 млрд теңгесі «Жыланды» кенішіне арналған. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру жабдықтың техникалық дайындығын арттыруға және өндірістік үдерістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Кездесу барысында «Итауыз» шахтасының жұмысына қатысты мәселелер қаралды. Бригадирлер жерасты тау-кен қазбаларын желдету тиімділігін арттыру мәселесін көтерді. Компания басшылығы жұмыскерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында шахтаны желдету жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар үңгілеу учаскесінің өкілдері тау-кен қазбасын механикаландырылған тәсілмен бекітуге арналған Robolt мамандандырылған машинасының қажет екенін жеткізді. Бұл мәселе алдағы уақытта пысықталатын басым бағыттардың қатарына енгізілді.

«Итауыз» және «Қарашошақ» шахталарындағы жол учаскелерінің жұмыскерлері көмекші техника паркін күшейту қажеттігі туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, учаскелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және өндірістік міндетті тиімді орындалу үшін қосымша су себетін машина мен жаңа Caterpillar тиегіші қажет екені айтылды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі жеке қаралды. Мұқан Үңгітбаев қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету компанияның сөзсіз басымдығы болып қала беретінін ерекше атап өтті. Осы бағытта өндірістік тәртіпті сақтау, ықтимал тәуекелді дер кезінде анықтау және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған шараларды кезең-кезеңімен енгізу мәселесіне ерекше назар аударылуда.
 
Кездесуді қорытындылай келе Мұқан Үңгітбаев өндірістік ұжымдармен тұрақты тікелей диалог орнату өзекті мәселеге жедел әрекет етуге, сараланған шешім қабылдауға және жоспарланған шаралардың орындалуын бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Еңбек ұжымдарымен кездесу өткізу тәжірибесі компанияның басқа өндірістік алаңдарында да жалғасын табады.