Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс геологиялық барлау саласын жаңғыртуда: жасанды интеллект, цифрлық технология және жаңа буын мамандары

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын трансформациялау, жер қойнауын зерттеудің заманауи технологияларын енгізу, геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру және еліміздің минералдық-шикізаттық әлеуетін толық ашу қажеттігін атап өтті.

Бұл басымдықтар «Қазақмыс» корпорациясының стратегиялық даму бағытында да назарға алынған. Компания геологиялық барлау саласын жаңғыртып, қолданысқа жасанды интеллектті, үш өлшемді модельдеуді және цифрлық шешімдерді енгізуде. Бұған қоса зерттеу жұмыстарының көлемі ұлғайып, ғылыми инфрақұрылым дамып, бейінді мамандарды даярлау жүйесі жетілдірілуде. 

2026 жылы «Kazakhmys Barlau» ЖШС цифрлық технологияларды қолдана отырып, 20 геологиялық барлау жобасын жүзеге асыруда. Инвестициялық жобалардың жалпы портфелі 18,2 млн долларды құрайды. Зерттеу жұмысы барысында геоақпараттық жүйелер, үш өлшемді модельдеу және жасанды интеллект негізіндегі шешімдер қолданылуда. Бұл технологиялар зерттеудің дәлдігін арттырып, геологиялық барлау жұмысының тиімділігін қамтамасыз етеді. 

Цифрландыру өндірістік циклдың барлық кезеңін қамтиды. Ол керн сынамаларын зерттеуден бастап, бұрғылау техникасының жұмысын бақылау мен геологиялық модель құруға дейінгі үдерісті біріктіреді. Қазіргі уақытта 50 техника онлайн-мониторинг жүйесімен жабдықталған. Шалғайдағы учаскелерде Starlink спутниктік байланыс жүйесі қолданылуда. Ал Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластерде ANCORELOG және LithoLens жасанды интеллект кешендері пайдаланылады.

Үш өлшемді модельдеу жүйесіне көшуге ерекше назар аударылуда. 2026 жылы Micromine бағдарламалық жасақтамасын қолдану аясын кеңейту жұмысы басталды. Micromine Origin & Beyond бағдарламасымен жұмыс істеуге шамамен 400 маманды оқыту жоспарланған. Ал бейінді қызметкерлер үшін Micromine Advance бағдарламасы бойынша тереңдетілген оқу курсы қарастырылған. Сонымен қатар геологиялық ақпаратты орталықтандырылған түрде сақтау және талдау мақсатында Geobank жүйесі енгізілуде.

Технологиялық жаңғырту нақты өндірістік нәтижемен ұштасып отыр. 2026 жылдың 10 айында «Қазақмыс Барлау» ЖШС мен «Қазақмыс» корпорациясының геологиялық барлау басқармасы құрамындағы эксплуатациялық барлау қызметі корпорация жобалары бойынша жалпы ұзындығы 71,7 мың қума метр бұрғылау жұмысын орындады. Бұл жоспарланған көлемге сай көрсеткіш.

Жезқазған кен орнында №114 келісімшарт аясында жалпы ұзындығы 4 750 метр болатын жеті ұңғыма бұрғыланды. Сонымен қатар терең деңгейжиектерді зерттеу мақсатында жалпы тереңдігі 3 500 метрден асатын тағы төрт ұңғыма қазылды. Ал Жезқазған-Жыланды кенді ауданы аумағындағы қосымша минералдану аймағын іздеу үшін жалпы көлемі 1 600 қума метрден асатын үш ұңғыма бұрғыланды. Бұл жұмыс минералданған мыстың жаңа аймағын анықтауға және ауданның ресурстық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жомарт кенішін барлау барысында кен денелерінің шекарасын нақтылау және қор көлемін ұлғайту мақсатында 2 000 қума метрден астам бұрғылау жұмысы жүргізілді.

Абыз кенішінің аумағында және одан тыс жерлерде, Абыз кенді алаңының қанаттарында 3 300 қума метрден астам бұрғылау жұмысы орындалды. Оның мақсаты – геологиялық-геофизикалық зерттеу кешенінің нәтижесі негізінде жаңа өнеркәсіптік нысандарды іздеу арқылы минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ Абыз кен орнының терең деңгейжиектерін зерттеу.

Нұрқазған кенішінде Солтүстік және Шығыс Нұрқазған арасындағы терең деңгейжиектердің минералдану байланысын тексеру үшін жалпы тереңдігі 2 300 қума метр болатын екі ұңғыма бұрғыланды.

Қажықонған кенді алаңы аумағында есепті кезеңде кеніштің минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында қосымша өнеркәсіптік нысандарды іздеу жұмысы жүргізіліп, шамамен 900 қума метр бұрғылау жұмысы жүзеге асырылды.

Жер үсті эксплуатациялық-барлау бұрғылау қызметі Жезқазған, Қарағанды, Балқаш және Шатыркөл алаңдарында жұмыс атқарды.

Бұл бағытты дамытуда Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластер маңызды рөл атқарады. Мұнда керн үлгілерін сақтау және зерттеу, геологиялық деректерді талдау, цифрлық модель әзірлеу үдерісі шоғырланған. Сонымен қатар кластердің инфрақұрылымы өндірістік тәжірибе, ғылыми зерттеу мен заманауи технологияны ұштастыра отырып, маман даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытты дамытуда Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластер маңызды рөл атқарады. Мұнда керн сынамаларын сақтау және зерттеу, геологиялық деректерді талдау, цифрлық модель әзірлеу жұмысы шоғырланған. Сонымен қатар кластердің инфрақұрылымы өндірістік тәжірибені, ғылыми зерттеулерді және заманауи технологияларды ұштастыра отырып, маман даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты – кадрлық әлеуетті дамыту. Қазақмыс Ұлытау университетімен бірлесіп, геология және металлургия салаларының қажеттілігін ескере отырып, өңірде инженерлік-техникалық маман даярлау жүйесін қалыптастыруда.

2026 жылғы қыркүйекте университетте корпорация мен оның еншілес кәсіпорындарының жұмыскерлеріне арналған жаңа оқу жылы басталды. Алғашқы лекке 163 студент қабылданды. Олардың қатарында Қазақмыстың 103 жұмыскері бар. Оның ішінде 52 маман екінші жоғары білім алып жатса, тағы 51 адам – корпорацияның Технологиялық колледжінің түлектері.

Серіктестік аясында өндірістік тәжірибені кеңейту, компанияның мамандарын оқу үдерісіне тарту және білім беру бағдарламаларына нақты өндірістік міндеттерді енгізу көзделген. Бұл өңірдегі кәсіпорындарға қажетті теориялық білімімен қатар, практикалық дағдысы мен кәсіби құзыреті қалыптасқан маман даярлауға мүмкіндік береді.

Қазақмыста геологиялық барлау саласын жаңғырту жасанды интеллектті енгізу арқылы цифрлық трансформация жасауды,   зерттеу жұмысының көлемін ұлғайтуды және кадрлардың әлеуетті арттыруды бір арнаға тоғыстырады. Бұл кешенді тәсіл геологиялық барлау жұмысының тиімділігін арттыруға, минералдық-шикізат базасын нығайтуға және өндірістің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді.