Қазақмыс тау-кен шахта техникасына арналған бөлшектерді өндіру технологиясын жетілдіруде
«Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС Тау-кен шахта жабдықтары зауытында заманауи технологияларды енгізу арқылы өндірістік үдеріс жетілдірілуде. Кәсіпорынның дәнекерлеу-соғу цехында сандық бағдарламалық басқару (СББ) жүйесімен жабдықталған порталды термиялық кесу қондырғысы бір жылдан бері тиімді қолданылып келеді. Бұл жабдық бөлшектерді дайындау мерзімін қысқартуға, металды өңдеу дәлдігін арттыруға және өндірістік операцияларды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жабдық табақ металды, оның ішінде көміртекті және тот баспайтын болатты, алюминийді және басқа да электр тоғын өткізетін металдарды автоматтандырылған режимде пішіп кесуге арналған. Оператор бағдарламаны жүктегеннен кейін қондырғы металды белгіленген сызба бойынша кеседі. Өңдеу дәлдігінің жоғары болуы күрделі пішіндегі бөлшектерді дайындауға мүмкіндік береді. Кей жағдайда мұндай бөлшектер қосымша механикалық өңдеуді қажет етпейді.
– Бұрын кейбір бұйымдарды әзірлеуге біршама уақыт кететін. Қазір қондырғы бөлшектерді қажетті өлшемге барынша жақын етіп дайындауға мүмкіндік береді. Кей жағдайда металды кескеннен кейін тек тесік бұрғылап, бұранда оймасын салу жеткілікті. Бұл кейінгі жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, өндірістік үдерісті оңтайландырады, – дейді қондырғы операторы, газ-электр дәнекерлеушісі Марат Исанайман.

Жабдықта плазмалық және газбен кесу сияқты металды термиялық кесудің екі әдісі қарастырылған. Бірінші әдіс қалыңдығы 20 миллиметрге дейінгі, ал екіншісі 90 миллиметрге дейінгі металл табақтарды өңдеуге мүмкіндік береді. Бір кесу әдісінен екіншісіне ауысуға 15-30 минут кетеді.
Жабдық пайдаланылған бір жыл ішінде электрондық базаға түрлі бөлшектердің 150-ге жуық сызбасы енгізілді. База кәсіпорынның өндірістік қажеттілігіне қарай үнемі толықтырылып, тау-кен шахта техникасын жөндеуге және оған техникалық қызмет көрсетуге қажетті әзірлемелер дайындау үлесін ұлғайтуда.
Жаңа технологияны меңгеруде тәлімгерліктің маңызы зор. Марат Исанайман заманауи қондырғымен жұмыс істеуді кәсіпорында осы жабдықтың қыр-сырын алғашқы болып меңгерген тәжірибелі дәнекерлеуші Валерий Бакуновтан үйренген.
– Тәлімгерім ең алдымен қондырғыны дұрыс пайдалануды, оның техникалық жағдайын бақылауды және жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз етуді үйретті. Қауіпсіздік талабына ерекше көңіл бөлдік. Жұмыс кезінде қорғаныш көзілдірігін, қолғап, отқа төзімді арнайы киім және респиратор кию қажет, – дейді Марат Исанайман.

Заманауи технологияларды енгізу мен өндірістік үдерісті автоматтандыру кәсіпорынның өз күшімен жөндеу жұмысын жүргізу мүмкіндігін кеңейтіп, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірілетін бөлшектердің сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында техникалық жаңғыртумен қатар жұмыскерлердің кәсіби дағдысын жетілдіруге және жинақталған тәжірибені жас мамандарға үйретуге ерекше назар аударылады.



