Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыста «SENIM» жедел желісіне түскен өтініштер саны үш есеге жуық артты

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмыскерлермен және компанияға қатысы бар өңірлердің тұрғындарымен ашық диалог жүйесін дамытуды жалғастыруда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «SENIM» жедел желісіне 220 өтініш келіп түсті. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 82 өтінішті құраған. Осылайша биыл кері байланыс көлемі 3 есеге жуық артты.

 

Өтініш санының артуы «SENIM» жедел желісі туралы ақпараттандыру жұмысының күшеюімен және ыңғайлы кері байланыс арналарының дамуымен байланысты болып отыр. Компания мұны еңбек ұжымымен ашық қарым-қатынас жасаудың және туындайтын мәселелерді дер кезінде шешудің тиімді құралы ретінде бағалайды.

Өтініштердің басым бөлігі еңбек қатынасы мен еңбек жағдайына, персоналды іріктеу және бос жұмыс орындарын толтыру тәртібіне, сондай-ақ іскерлік әдеп пен корпоративтік өзара іс-қимыл нормаларының сақталуына қатысты болды.

 

Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 111 мәселе кеңес беру және түсіндіру жұмысын жүргізу барысында реттелді, 27 өтініш бойынша өтініш берушілердің пайдасына оң шешім шығарылды. Ал 58 өтініш бойынша тексеру барысында келтірілген уәждер өз дәлелін таппады.

Компания кері байланыс жүйесін жетілдіруді жалғастыруда. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында корпоративтік сайтта тақырып бойынша жіктелген және хабарламаны бір рет басу арқылы жіберу мүмкіндігімен жаңартылған өтініш қабылдау қызметі іске қосылды. Кәсіпорындарда өтініш беру нысанына жылдам өтуге мүмкіндік беретін ақпараттық материалдар мен QR-кодтар орналастырылды.



«SENIM» жедел желісін дамыту – корпоративтік мәдениетті нығайтуға, ішкі үдерістің ашықтығын арттыруға және ашық диалогты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Келіп түскен әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады, ал алынған ақпарат компанияның өндірістік, кадрлық және басқару үдерісін жетілдіру үшін пайдаланылады.

Егер сізге осындай фактілер белгілі болса немесе корпоративтік стандарттардың бұзылуымен бетпе-бет келсеңіз, бұл туралы SENIM жедел желісі арқылы хабарлаңыз:
- телефон (Қазақстан бойынша тегін): 8-800-080-80-89;
- электронды пошта: senim@kazakhmys.kz;
- мессенджерлер (WhatsApp, Telegram): +7 708 436 2058;
- ресми сайт: kazakhmys.kz;
- SEN ішкі HR порталы;
- ресми электронды мекенжайы: official@kazakhmys.kz.