Қазақмыс пен Индонезия Елшілігі металлургия саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Бүгін Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Металлургия жөніндегі бас операциялық директоры, «Kazakhmys Smelting» (Қазақмыс Смэлтинг) ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов пен Қазақстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахманның кездесуі өтті.

Тараптар тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, минералдық шикізатты терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға ерекше назар аударды.
Қазақстан тарапы үшін минералдық шикізатты ел ішінде терең өңдеуді дамытуға бағытталған Индонезия Республикасының Downstream Indonesia (Hilirisasi) мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Қазақмыс үшін бұл тәжірибе практикалық тұрғыдан аса маңызды. Себебі компания шикізаттық бағыттан арылудың халықаралық үлгісін зерделеу арқылы әлемдік озық тәжірибелерді өз өндірісінде тиімді қолдана алады. Осыған байланысты келіссөзге қатысушылар халықаралық инжинирингтік компаниялармен өзара іс-қимыл, заманауи металлургиялық технологияларды қолдану және білікті кадрларды даярлау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби диалогты одан әрі дамытуға және салалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға қызығушылық танытты. Технологиялық шешімдерді және ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесін бірлесіп талқылау мыс балқыту өнеркәсібінің дамуына, сондай-ақ Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық әріптестіктің нығаюына ықпал ететіні атап өтілді.



