Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс Балқаш мыс балқыту зауытында энергия үнемдеу технологияларын енгізуде

«Қазақмыс» Тобының Балқаш мыс балқыту зауытында №3 анод пешіне арналған жану үдерісін басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Жаңа жабдықтың алдын ала пайдалану нәтижесі бойынша мазут шығыны 15%-ға қысқарды.

Жоба аясында пешке автоматтандырылған басқару және қорғау жүйесі бар екі заманауи мазут оттығы орнатылды. Инвестиция көлемі 60,26 млн теңгені құрады.

Бұған дейін отын мен ауа беру қолмен реттелетін. Бұл жану үдерісінің тұрақты режимін қамтамасыз етуді қиындатып, түтіннің пайда болуына және күйенің жиналуына әкелетін.

Жаңа жүйе мазут пен ауа беруді автоматты түрде реттейді, отын шығынын бақылайды және технологиялық параметрлер рұқсат етілген мәннен ауытқыған жағдайда отын беруді тоқтатады. Бұл тұрақты жылу режимін сақтауға, отынның жану тиімділігін арттыруға және қолмен орындалатын операцияларды азайтуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар әр агрегат бойынша мазут шығынын жеке есепке алу жүйесі енгізілді. Бұл отын тұтынуды дәлірек бақылауға, артық шығынның себебін анықтауға және анодты мыс өндіру үшін қажетті технологиялық талапты сақтауға мүмкіндік береді.

№3 анод пеші жаңа технология енгізілген алғашқы нысан болды. Нәтиже расталған жағдайда осындай жүйені №1 және №2 анод пештеріне орнату жоспарлануда.

Алдағы уақытта кептіру пештеріндегі, Ванюков пештеріндегі және конвертерлердегі жану жүйесін жаңғырту мүмкіндігі қарастырылуда.

Жоба Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ол өндірістің тиімділігін арттыруды, жабдықтардың техникалық сенімділігін қамтамасыз етуді және ресурстарды ұтымды пайдалануды көздейді.

Қолданысқа жану үдерісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу технологиялық үдерісті жетілдіруге және металлургиялық өндірісте отын шығынын азайтуға мүмкіндік береді.