Қазақмыс 2026 жылдың тоғыз айындағы өндірістік қауіпсіздік көрсеткішін қорытындылады
Астанада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басқарушы комитеттің отырысы өтті.

Жиынға қатысушылар өндірістік қауіпсіздік саласындағы жұмыстың негізгі нәтижелерін талқылап, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытындағы тәуекелдерді азайту жөніндегі алдағы шараларды қарастырды.
Отырысқа Басқарма мүшелері, өндірістік бөлімшелердің, еншілес ұйымдар мен корпорацияның бейінді қызметтерінің басшылары қатысты.
Есепті кезең қорытындысы бойынша «Қазақмыс» Тобының өз қызметкерлері арасындағы зардап шеккендер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға төмендеді. Сонымен қатар өз жұмыскерлері арасында өліммен аяқталған өндірістік жарақат алу оқиғалары тіркелген жоқ. Бұған қоса корпорация мердігер ұйымдардың қауіпсіздік талабын сақтауына бақылауды күшейтті.
Отырыс барысында тау жынысының опырылуына жол бермеу, биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігін арттыру, электр қауіпсіздігін жетілдіру және өздігінен жүретін техникаға байланысты оқиғалардың алдын алу шаралары қаралды. Жүк көтергіш жабдықтардың жай-күйіне де ерекше назар аударылды. Кешенді аудит аясында жалпы жабдықтардың 74%-ын құрайтын 550 механизм тексерілді. Нәтижесінде анықталған 916 заң бұзушылықтың 245-і жойылды.

Жұмыскерлерді тәжірибелік даярлау инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасуда. Қазан айында Балқашта биіктікте қауіпсіз жұмыс істеуге үйрететін оқу полигоны іске қосылып, онда 184 жұмыскер оқудан өтті. Сәтбаев қаласында Ғ.О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің оқу-өндірістік полигоны ашылды. Сондай-ақ электр қауіпсіздігі бойынша персоналды тәжірибелік даярлауға арналған жеке алаң ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде.
Сонымен қатар инженерлік және цифрлық шешімдер енгізілуде. Атап айтқанда жер асты техникасының адамдармен және басқа машиналармен қақтығысуына жол бермейтін жүйе сынақтан өткізіліп жатыр. Оқиғаларды орталықтандырылған есепке алу, олардың себебін талдау және алдын алу шараларының орындалуын бақылау үшін «Оқиғалар» цифрлық модулі әзірленді. Оны кезең-кезеңімен енгізу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Қазақмыста жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында корпорация өндірістік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Алдағы уақытта өндірістік бақылау жүйесін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытындағы жұмыс жалғаса береді.







