Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс өндірістік қажеттілікке арналған шұғыл сатып алу мерзімін 1–5 күнге дейін қысқартты

Қазақмыста өндіріске қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектерді жедел сатып алу тетігі енгізілді. Жедел сатып алу картасы кәсіпорындарды қажетті тауармен 1–5 жұмыс күні ішінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл тетік қажетті материалдардың болмауы жабдықтың тоқтап қалуына немесе жөндеу жұмысының кешігуіне әкелуі мүмкін жағдайларда қолданылады.

Аталған тетік 2026 жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізіліп, стандартты жабдықтау жүйесіне қосымша құрал ретінде пайдаланылып келеді. Бұған дейін тауарлық-материалдық құндылықтарды қалыпты тәртіппен сатып алу шамамен екі айға созылса, кәсіпорынды қажетті материалдармен қамтамасыз етудің толық циклі 117 күнтізбелік күнге дейін жететін.

Жедел сатып алу картасы енгізілгеннен бері жалпы сомасы 29,4 млн теңгеге тауарлық-материалдық құндылықтардың 304 түрі сатып алынды. Бүгінде бұл тетік корпорацияның 31 кәсіпорны мен құрылымдық бөлімшесінде қолданылуда.

Егер қажетті тауар жеткізушінің қоймасында болса, өтінім берілгеннен кейін 1–2 жұмыс күні ішінде кәсіпорынның жауапты қызметкеріне тапсырылады. Ал тауарға қосымша тапсырыс беру қажет болған жағдайда, жеткізу мерзімі кәсіпорынмен келісіледі және 2–5 жұмыс күнін құрайды.

Бұл тетік кәсіпорын қоймасында қажетті материалдың болмаған және оны әдеттегі жабдықтау жүйесі арқылы дер кезінде алу мүмкін емес жағдайда ғана қолданылады.

Жедел сатып алу картасы арқылы кеніштер, байыту фабрикалары мен жөндеу кәсіпорындары үшін қосалқы бөлшектер, аккумуляторлар, өлшеу құралдары, электротехникалық жабдықтар және басқа да қажетті материалдар сатып алынды.

Жаңа тетіктің енгізілуіне Қазақмыс басшылығының еңбек ұжымымен кездесуі барысында жұмыскерлер тарапынан түскен ұсыныс негіз болды. Ұсыныс ескеріліп, жедел сатып алуға бөлінетін қаржы лимиті ұлғайтылды, келісу кезеңдері қысқартылды және өтінімді рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді.

Айта кетерлігі, Жедел сатып алу картасы жоспарлы жабдықтау жүйесін алмастырмайды. Сатып алу жұмысы белгіленген қаржы лимиті мен бекітілген тауар санаттары шеңберінде жүзеге асырылады. Әр өтінімде сатып алудың не себепті шұғыл екені негізделіп, кәсіпорын басшысымен келісіледі. Барлық операция тиісті құжатпен рәсімделіп, есепке алу жүйесінде тіркеледі.

Жаңа тетік кәсіпорындарға өндірісте туындайтын мәселелерді жедел шешуге, қосалқы бөлшектердің болмауы салдарынан жабдықтың тоқтап қалу қаупін азайтуға және жөндеу жұмысын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоспарлы сатып алу және қоймалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру компания жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.