Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс өндірістегі оқиғалардың себебін талдаудың бірыңғай тәсілін енгізуде

Жезқазғанда «Q.I.Satbaev atyndagy Jezqazgan Tau-ken ondirisi» өндірістік бөлімшелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметінің басшыларын оқыту басталды. Мамандар өндірістік оқиғаларды тергеп-тексерудің және олардың түпкі себебін анықтаудың заманауи әдістерін меңгеруде. 

Оқыту Қазақмыстың өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмысы аясында жүргізілуде. 2026 жыл компанияда Қауіпсіздік жылы деп жарияланған. Сәйкесінше өндірістік оқиғалардың алдын алуға және олардың қайталануына әкелуі мүмкін факторларды жоюға ерекше назар аударылуда. 

Курсқа қатысушылар оқиғаларды талдаудың халықаралық құралдарын: «5 Неліктен?», «Себеп ағашы», Исикава диаграммасы және Bow Tie Analysis әдістерін меңгеруде. Бұл әдістер оқиғалардың даму реттілігін қалпына келтіруге, тікелей себебімен қатар жүйелік себебін анықтауға, сондай-ақ алдын алу шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Оқытудың негізгі қағидаттарының бірі – оқиғаны тергеп-тексеру барысында кінәліні анықтаумен ғана шектелмей, оның орын алуына жүйенің не себепті жол бергенін түсіну. Бұған жұмысты ұйымдастырудағы, өндірістік үдерістегі, техникалық шешімдегі немесе тәуекелді басқарудағы кемшіліктер себеп болуы мүмкін. 

Оқыту ЖТКБ-да басталып, «Қазақмыс» компаниясының барлық филиалдарында, оның ішінде еншілес компанияларда да жалғасады. Мұндай тәсіл корпорацияның өндірістік нысандарындағы оқиғаларды талдау мен олардың алдын алу шараларын әзірлеудің бірыңғай қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметтерінің басшылары алған білімдерін оқиғаларды тергеп-тексеру және өндірістік нысандарда алдын алу іс-шараларын әзірлеу барысында қолданады.