Қазақмыс еңбек ұжымымен өткен кездесулердің қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда
«Q.I. Satbayev atyndagy Jezqazgan Tau-ken öndirisi» Оңтүстік Жезқазған кенішінің Шахтапроходкалау тресі алаңында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындардың еңбек ұжымы өкілдерімен кезекті жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында өндірістік, кадрлық, әлеуметтік және медициналық бағыттардың басшылары бұған дейінгі кездесулерде жұмыскерлер тарапынан көтерілген мәселелерді іске асыру барысы жөнінде ақпарат ұсынды.

Шара шеңберінде өндірістік және техникалық бағыттағы мәселелерге ерекше назар аударылды. Компанияда жүктелім беру кабинеттері мен асханаларды тұрақты интернетпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Wi-Fi желісін қосу жұмысы,
оның ішінде Жезқазған өндірістік алаңында да биыл қазан айының ортасына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар тау-кен-шахталық жабдықты нормативтік талапқа сәйкестендіру жұмысы жалғасуда. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша кондициялау жүйесін жөндеуді немесе ауыстыруды қажет ететін 60 техника бірлігі анықталды. Қазіргі таңда ақаулардың тізімі әзірленіп, қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.
Өндірістік техниканың жұмысқа жарамдылығын қалпына келтіру мәселелері де жеке қаралды. Сарыоба шахтасында №22 Normet Fadrom техникасы жаңа агрегат жеткізілгенге дейін жарамды қозғалтқышпен жабдықталып, қайта пайдалануға берілді. Жаңа агрегатты жеткізу тамыз айына жоспарланған. Сонымен қатар радиаторы жөнделгеннен кейін №23 Epiroc ST-14 тиеу-жеткізу машинасы да қайтадан пайдалануға берілді. Түпнұсқа қосалқы бөлшектер жеткізілгеннен кейін техника жоспарға сәйкес толық қалпына келтіріледі.
Компания кадрлық үдерісті одан әрі жетілдіруді жалғастыруда. Жұмысқа қабылдау рәсімінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 25 маусымнан бастап Жезқазған түсті металлургия колледжінің ғимаратында жеке рекрутинг кабинеті ашылды. Мұнда үміткерлер бос жұмыс орындары бойынша ақпарат алып, түйіндемесін тапсыра алады сондай-ақ жүйеге тіркелу бойынша қажетті көмекке жүгіну мүмкіндігіне ие болады. 29 маусымнан бастап үміткерлерді тестілеу күн сайын ұйымдастырылуда. Сондай-ақ кіріспе оқытудың ұзақтығы бір жұмыс күніне дейін қысқартылды. Шілде айының басындағы мәлімет бойынша, «KMS» ЖШС-да 59 бос жұмыс орны болған. Қазіргі уақытта 38 қызметкер жұмысқа қабылданып, қалған үміткерлер құжат рәсімдеп, медициналық және бейінді қызметтің тексеруінен немесе іріктеуден өтіп жатыр.

Кері байланысты дамыту аясында Бригадирлер кеңесінің рөлі күшейтіледі. Жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігіне, жұмыс үдерісін ұйымдастыруға, еңбек өнімділігіне және өндірістік үдерістің тиімділігіне қатысты ұсыныстары кәсіпорындар, бас директорлар, бас операциялық директорлар және Басқарма төрағасы деңгейінде қаралады. Бригадирлер кеңесі туралы ережеге тиісті өзгерістерді 2026 жылғы 1 тамызға дейін енгізу көзделген.
Жезқазған өңірінің кәсіпорындарындағы жұмыскерлер санына сәйкес консультативтік-кеңесші органдардың бюджетін бөлу тәртібі қайта қаралды. Бүгінде өңірдің 9 кәсіпорнында жұмыс істейтін бұл орган еңбек ұжымдары мен басшылық арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде қызмет етеді.
2026 жылғы 1 тамыздан бастап Корпорация корпоративтік медициналық бағдарламаны іске асыруға 6,5 млрд теңге қаржы бөледі. Бағдарлама аясында амбулаториялық-емханалық көмектің, диагностикалық қызметтің, стационарлық емдеу мен медициналық оңалтудың қолжетімділігі мен көлемі кеңейтіледі. Бұдан бөлек диспансерлік есепте тұрған 1 400 жұмыскерді сауықтыру мен оңалтуға қосымша 500 млн теңге бөлінеді.
Жезқазған медициналық орталығында Медициналық көмекті үйлестіру орталығының жұмысы басталады.
Компания өңірге медициналық мамандарды тарту бағытындағы жұмысты да жалғастыруда.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесуде қабылданған шешімдерді дәйекті түрде іске асырып келеді.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесуде қабылданған шешімдерді дәйекті түрде іске асырып келеді.



