«Қазақмыс» еңбек ұжымдарымен өткен кездесу қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді іске асыруда
Оңтүстік Жезқазған кенішінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған өңірі кәсіпорындарының еңбек ұжымдарының өкілдерімен кезекті жұмыс кездесуін өткізді. Өндірістік бөлімшелердің басшылары бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы есеп берді.

Кездесуде өнеркәсіптік қауіпсіздік, кәсіпорындарды техникалық жарақтандыру және еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда қолданылатын шектеулердің жаңартылған тәртібі бекітілді. Енді шектеулер тек бұзушылық тіркелген нақты учаскеге ғана қолданылады, аралас өндірістік үдеріс тоқтатылмайды. Сонымен қатар тәуекелдерді бағалау және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ұқсас жұмыстарды уақытша профилактикалық тоқтату мүмкіндігі сақталады.
Өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жезқазған өңірі кәсіпорындары үшін жалпы құны 413 млн теңгеден асатын 12 КТПВШ-630 шахталық қосалқы станциясын сатып алу мәселесі қарастырылуда. Инвестициялық бағдарлама аясында 2026 жылдың III-IV тоқсандарында 19 жаңа қосалқы станция жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар Жезқазған өндірістік алаңында қолданылып жүрген 217 қосалқы станцияның техникалық ақауын анықтау жұмысы толық аяқталып, олардың барлығы жұмысқа жарамды күйге келтірілді.
Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында желдету тиімділігін арттыру мақсатында екі жергілікті желдеткіш орнату туралы шешім қабылданды.
Жұмыскерлердің ұсынысы негізінде өздігінен жүретін жерасты техникаларының орындықтары жаңартылды. 30 заманауи орындықтың алғашқы партиясы Жезқазған өндірістік алаңының кәсіпорындарына жеткізілді. Техниканы жаңарту жұмысы одан әрі жалғасады.
Жер асты жолдарының жағдайын бақылау және техника қозғалысының қауіпсіздігін күшейту мақсатында Жезқазған алаңындағы өндірістік нысандарда жол учаскесінің маманы лауазымы енгізілуде.
Кадрлық үдерісті жетілдіруге де ерекше көңіл бөлінді. Жезқазған өңірі кәсіпорындары үшін жеке рекрутерлер бекітіліп, кандидаттарды тестілеу күнделікті форматқа көшірілді және жұмысқа қабылдау рәсімінің мерзімі қысқартылды. Кадрлық үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету үшін SENIM құпия байланыс желісінің жұмысы жалғасады.
Шешім қабылдау жеделдігін арттыру және қызметкерлерді қосымша қолдау мақсатында кәсіпорындарда директорлар қоры енгізілуде. Жаңа тетік басшыларға өндірістік мәселелерді жедел шешуге және бекітілген тәртіп шеңберінде қызметкерлерді көтермелеуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік және цифрлық бастамалар да жалғасуда. Ұлытау облысында жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық балалар сауықтыру лагерін салу мәселесі қарастырылуда. SEN жүйесін қолдану аясы кеңейтіліп, қағаз және электронды құжат айналымын қайталау қысқартылуда. Жұмыскерлерді оқыту үдерісі біртіндеп қашықтан білім беру форматына көшірілуде. Тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету үшін барлық деңгейдегі басшылардың бірыңғай қабылдау кестесі енгізілді.
«Қазақмыс» еңбек ұжымдарымен өткен кездесу қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді жүйелі түрде іске асыруды жалғастыруда. Ашық диалог, ұсыныстарды жедел қарау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету компанияның негізгі басымдығы болып қала береді.



