Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс 2026 жылдың соңына дейін 3 000 жұмыскерін алғашқы көмек көрсету дағдысына үйретеді

«Қазақмыс» Тобы жұмыскерлерді алғашқы көмек көрсету дағдысына үйретуге бағытталған корпоративтік оқыту бағдарламасын іске қосты. 2026 жылдың соңына дейін 3 000 жұмыскерді оқыту жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы компанияның барлық персоналын кезең-кезеңімен оқыту көзделген.

Бағдарлама компанияда жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС әлеуметтік саясат департаментінің медицина бөлімі мен «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС бірлесіп жүзеге асыруда.

Алғашқы дәріс 16 қарашада бір мезгілде үш өндірістік алаңда басталды. Атап айтқанда, Сәтбаев қаласындағы Ғ. О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің оқу-өндірістік полигонында, Балқаш қаласындағы оқу-жаттығу полигонында және Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кенішінде өтті.

Оқытуды нұсқаушы ретінде арнайы даярлықтан өткен медицина қызметкерлері жүргізеді. Бір күндік курс төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету әрекетін тәжірибе жүзінде пысықтауға бағытталған.

Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыскерлерді медицина мамандары келгенге дейін зардап шеккендерге алғашқы көмекті дер кезінде және дұрыс көрсетуге үйрету.

Тау-кен металлургия кәсіпорындарының жұмыскерлері үшін мұндай дағдының маңызы ерекше. Кеніштерде, байыту фабрикаларында және металлургиялық зауыттарда жазатайым оқиға болған жағдайда зардап шеккен адамның жанынан көбінесе әріптестері алғашқылардың бірі болып табылады.

Төтенше жағдайда әр минуттың маңызы зор. Оқиғаны дұрыс бағалау, дер кезінде көмек шақыру және медицина мамандары келгенге дейін сауатты әрекет ету адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.

Оқыту «Қазақмыс» Тобы кәсіпорындарының жұмыскерлерін кезең-кезеңімен қамти отырып, тұрақты негізде жүргізіледі.

Бағдарлама қауіпсіз жұмыс әдісіне үйрету, өндірістік тәуекелдерді бағалау және жарақаттанудың алдын алу шараларын қамтитын өндірістік қауіпсіздік жөніндегі қолданыстағы іс-шаралар жүйесін толықтырады.

Алғашқы көмек көрсету дағдысын дамыту жұмыскерлердің төтенше жағдайда әрекет етуге дайындығын арттыруға, сондай-ақ әріптестерінің өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған.