Болашақ энергиясы: Топарда турбоагрегат іске қосылып, тұрғын үй құрылысы басталды
10.09.2025
Жобаны ҚР Энергетика
вице-министрі Сұңғат Есімханов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа
«Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов таныстырды. «Жаңа тұрғын үйлердің
құрылысы «Kazakhmys Holding» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың
қолдауымен жүргізілуде. Бұл жоба жұмыскерлерге еңбек етуге, жақсы өмір сүруге
қолайлы жағдай жасап қана қоймай, компаниямызға дарынды жастарды тартуға және
оларды қолдауға мүмкіндік береді. Осылайша компанияның және өңірдің дамуына
жағдай жасалады», – деді Темірлан Өтегенов. «Бүгін заман талабына
сай екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Мұнда «Қазақмыс» жұмыскерлеріне
отбасымен бірге тұруға арналған 80 пәтер болады. Бұл – жас мамандарға баспанаға
қол жеткізуге және туған жерінде жұмыс істеуге берілген мүмкіндік. Топардың
дамуына қосқан үлесі үшін Қазақмыс компаниясына алғыс білдіремін», – деді облыс
әкімі. Жобаның бастамасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылымен тұспа-тұс
келді. 2026-2027 жылдары Балқаш пен Жезқазғанда жергілікті ЖЭО қызметкерлеріне
арналған осындай тұрғын үйлер салынады. Осы күні «Топар бас
энергия тарату станциясында» қуаттылығы 130 МВт болатын жаңа турбоагрегат іске
қосылды. Ол станцияның жалпы қуатын арттырып, өңірді тұрақты энергиямен
қамтамасыз етеді. 2021 жылы басталған
жоба Энергетика министрлігі мен кәсіпорын арасындағы инвестициялық келісім
аясында іске асырылды. Бюджеті шамамен 20 млрд теңгені құрады. Жаңа агрегат тозығы
жеткен жабдықтың орнын басты. Ол өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін
айтарлықтай нығайтып, өнеркәсіп пен әлеуметтік саланың дамуына ықпал етеді. Осылайша, екі ірі
жоба өңірдің әлеуметтік мүмкіндігін арттырып, энергетикалық тұрақтылықты
қамтамасыз ететін және Топар мен Қарағанды облысының дамуына серпін беретін
маңызды қадамға айналды.


