Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Тоғыз айдағы нақты нәтиже: Қазақмыс атқарған жұмыстың қорытындысын шығарды

Балқашта Қазақмыстың Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтің еңбек ұжымымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге кәсіпорындар мен еншілес ұйымдардың 650-ден астам жұмыскері қатысты.

Кездесуде 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстың қорытындысы, өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту және жұмыскерлердің өтініштері бойынша қабылданған шешімдердің орындалуы басты назарда болды.

Мамыр айында компания басшылығы еңбек ұжымымен кездесіп, техниканы жаңарту, медициналық қызмет көрсету, тамақтану, тұрмыстық жағдай мен материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін талқылады.

Бұл кездесуде аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыстың нақты нәтижелері таныстырылды.

«Жаңа команда үшін жұмыскерлердің өтініштері хаттамалар мен хат алмасулар аясында ғана қалып қоймауы аса маңызды. Егер мәселе көтерілсе, ол бойынша шешім қабылданып, жауапты тұлға белгіленіп, орындалу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс», – деп атап өтті Руслан Өскенәлі.

2026 жылдың тоғыз айында компанияның өз жұмыскерлері арасында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға тіркелген жоқ. Сонымен қатар өз қызметкерлері арасында өндірістік жарақаттану деңгейі 40%-ға төмендеді. Бұл — қол жеткізілген маңызды нәтижелердің бірі.

Қауіпсіздік мәдениетін дамыту жұмысы жалғасуда. «Qauipsizdik Start» (QStart) бағдарламасы аясында 5,7 мыңнан астам жұмыскер кіріспе оқудан өтті. Сондай-ақ 300-ден астам басшы мен маман еңбек қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Батыл көшбасшылық» семинарларына қатысты.

Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдарын жаңартуға және персоналдың практикалық даярлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіпорындарда оқу полигондары ашылып, тау-кен техникасының адамдарды қағып кетуінің алдын алу жүйелері сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ өндірістік жабдықтар мен шахталардың желдету жүйелері жаңартылуда.

Қазақмыс минералдық-шикізат қорын дамыту мақсатында геологиялық барлау жұмысын жалғастыруда. Тоғыз айда пайдалану-барлау бұрғылауының көлемі 103 мың қума метрден асты. Қор өсімі 1,75 млн тонна кенді құрады. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кен орындарының терең қабаттары мен жаңа перспективалы учаскелері зерттелуде.

Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша компания концентраттағы және катодты мыс өндірудің жоспарлы қарқынын сақтап, өндірістік бөлімшелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерін дамыту, тау-кен техникасын жаңарту, байыту фабрикалары мен металлургиялық қуатты жаңғырту бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өндірістің тиімділігін арттыруға жабдықтың сенімділігін қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге ерекше басымдық берілуде.

Жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 81 санитарлық-тұрмыстық нысан жаңартылып, арнайы киімге арналған 7 149 шкаф жеткізілді. Балқаш, Қарағанды және Жезқазған өңірлерінде тәулігіне 10 мыңнан астам жұмыскерге қызмет көрсететін бірыңғай тамақтандыру операторына көшу жүзеге асырылды.

Компания кәсіпорындарындағы ғимараттар мен құрылысты жаңарту жұмысына да айрықша көңіл бөлуде. 2026 жылы жөндеу бағдарламасының бюджеті екі еседен астам ұлғайып, 23,1 млрд теңгеге жетті. Барлығы 354 нысанды жөндеу жоспарланған, оның 157-сінде жөндеу жұмысы аяқталды.

Жұмыскерлер мен олардың отбасын әлеуметтік қолдау мәселесі де компанияның басым бағыттарының бірі болып қала береді. 3 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 1,3 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Тағы 1 726 қызметкердің шипажайлық-курорттық емделу шығыны өтелді. Жұмыскерлерге 34 пәтер тегін беріліп, 1 200 баланың жазғы демалысы ұйымдастырылды.

Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков кәсіпорындарды жаңғырту мен өндірісті дамыту бағыты жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын арттырумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр: өндірісті жаңарту, жабдық пен инфрақұрылымды жаңғырту, шикізат базасын дамыту, кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыру. Алайда осы жобалардың барлығында басты назарда адам тұруы тиіс», – деп атап өтті Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер бойынша жауапты басшылар белгіленіп, оларды орындау және кері байланыс орнату мерзімі нақтыланды.

2026 жылдың тоғыз айында Қазақмыс кәсіпорындарында еңбек ұжымымен 418 жұмыс кездесуі өткізілді. Компания басшылықтың жұмыскерлермен тікелей кездесуін жалғастырып, ашық диалогты, басшылардың жеке жауапкершілігін және қабылданған шешімнің орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.