Тау-кен саласындағы беделді «Алтын Гефест» байқауының жеңімпаздары марапатталды
25.10.2021
Марапаттар Astana Mining & Metallurgy – AMM 2021 11-ші Халықаралық тау-кен металлургиялық конгресінде тапсырылды. Қарағанды облысының тұрғыны Нұржан Қойшыбеков «Жыл металлургі» номинациясында үздік деп танылды. «Алтын Гефест» иесі Жезқазғанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құю -механикалық зауытында жұмыс істейді. Нұржан Қойшыбеков 35 жаста, ол көпбалалы әке, әйелімен алты баланы тәрбиелеп отыр. Нұржан Қойшыбеков Жезқазған құю -механикалық зауытында 12-ші жыл жұмыс істейді. Ол балқыту шебері, технолог болды. 28 жасында кәсіпорынның бас металлургі атанды. Бүгінде ол металлургиялық өндірістің технологиялық дайындығының барлық процестеріне жауап береді. - Әрине, жауапкершілік үлкен. Әріптестердің сенімін ақтау, кәсіби маман екенімді мойындату үшін уақыт пен тәжірибе қажет болды, – дейді Нұржан Қойшыбеков. Дәстүрлі «Алтын Гефест» байқауы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл марапат ең беделділердің бірі болып саналады және мамандар мен жас мамандар үшін маңызды.



