«Жасыл ойындар» Ұлытау облысының 600-ге жуық оқушысын біріктірді
Ұлытау облысында Қазақмыстың қолдауымен экологиялық бастама мен спорттық жарысты біріктірген «Жасыл ойындар» акциясы өтті. Оған 5-8 сыныптарда оқитын 600-ге жуық оқушы қатысты.

Акцияның алғашқы бөлімінде оқушылар су қоймасы жағалауының бойындағы аумақты ретке келтірді: қоқыс жинап, жағалау аумағын тазартты. Одан кейін 5-6 және 7-8 сынып оқушыларынан құралған командалар арасында футбол мен волейболдан жарыс өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер командалық және жеке марапатқа ие болды.

2026 жылы «Жасыл ойындар» Қазақмыс жұмыс істейтін өңірлерде өтуде. Ұлытау облысынан бөлек, акция Балқаш, Қарқаралы қалаларында және Қарағайлы кентінде ұйымдастырылды. Жалпы бағдарлама 2 620 оқушыны қамтиды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға көп.
Жобаның экологиялық бағыты жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасымен үндеседі. «Жасыл ойындар» аумақтарды абаттандыру, сонымен қатар спорт пен командалық жұмысты біріктіру арқылы оқушыларды қоғамдық пайдалы іске тартуға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс» компаниясы өзі жұмыс істейтін өңірлерде балалар мен жастарға арналған жобаларды, соның ішінде спорт, білім беру, абаттандыру және қоғамдық бастамалар саласындағы жобаларды қолдайды.



