Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қалпына келтірілген жерасты жүк көлігі №67 шахтаға оралады

Борттық нөмірі 426 Caterpillar AD45 жерасты жүк көлігі толық қалпына келтірілгеннен кейін «Батыс» кенішінің №67 шахтасына оралады. Жөндеу жұмысын «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС Тау-кен шахта жабдықтары зауытының мамандары жүргізді.



Жөндеу кезінде көлік көтергіш қаңқасына дейін толығымен бөлшектелді. Мамандар жүк көлігінің негізгі тораптары мен буындарын қалпына келтірді. Сонымен қатар артқы жақтауын жартылай ауыстырып, көпірлерін, қозғалтқышын, беріліс қорабын және гидротрансформаторын жөндеді. Жұмыстың бір бөлігі «Жезқазғансервис» кәсіпорнының мамандандырылған жөндеу учаскесінде орындалды.

Сынақтан өткеннен кейін Caterpillar AD45 қайта пайдалануға беріліп, №67 шахтаның жерасты тау-кен жұмысында қолданылады. Техниканы толығымен қалпына келтіру оның пайдалану мерзімін ұзартуға және өндірістік парктің қажетті техникалық дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



Сонымен қатар Қазақмыс өздігінен жүретін тау-кен шахта техникасы паркін жаңартуды жалғастыруда. Тамыз-қыркүйек айларында кеніштерге жаңа жерасты техникасының 14 бірлігін, оның ішінде бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналары мен жүк көліктерін жеткізу жоспарлануда.

Техниканы қалпына келтіру және жаңарту тау-кен шахта жабдықтарының сенімділігін арттыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Компания ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, негізгі тораптарды қалпына келтіреді және қажетті қосалқы бөлшектер қорын қалыптастырады. Бағдарламаны іске асыруға қосымша 6,7 млрд теңге бағытталды.