Жезқазғанда Геологтар күніне орай «Қаныш Сәтбаев дәуірі: индустрияның инновациялық әлеуеті» атты іс-шарасы өтті

Салтанатты жиынға «Қазақмыс Барлау» ЖШС-нің бас директоры Ғалым Нұржанов пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Саят Бәкіров, «Қазақмыс Барлау» компаниясы мен «ҚәсіпҚорған» кәсіподағының өкілдері, геологтар және сала ардагерлері қатысты.
Жиында сөз алған бас директор Ғалым Нұржанов барша сала мамандарын Геолог күнімен құттықтап, оларға кәсіби жетістіктер мен жаңа ашылымдар тіледі. «Қазақмыс Корпорациясы»-ның геолог, геофизик, гидрогеолог, маркшейдер, бұрғылаушы, техник секілді жер қойнауын геологиялық тұрғыдан зерттеуге қатысы бар 700-ден астам қызметкердің 55-і марапатталды.
«Саяқ» кенішінің бас геологы Ибраева Гауһар «Еңбек сіңірген геолог» төс белгісімен, 11 адам Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, 24 адам ҚР Геология комитетінің алғыс хатымен сондай-ақ 22 адам кәсіподақ төрағасының алғыс хатымен және төсбелгілермен марапатталды.










