Жезқазғанда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы басталды
Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысының алғашқы күні өтті. Іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, салалық қауымдастықтардың және «Қазақмыс Барлау» компаниясының мамандары қатысты.

Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластердің жұмысымен танысты. Қонақтарға кешеннің нысандары таныстырылып, заманауи зертханалар, керн сақтау орталығы, оқу және ғылыми инфрақұрылым көрсетілді.
Экскурсиядан кейін Геологиялық кластердің оқу орталығында форсайт-сессиялар өтті. Ауқымды іс-шара Қаныш Сәтпаевтың Қарсақбайға келгеніне 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат - Ұлытау өңірінің материалдық-шикізат базасын толықтыру. Шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, оған қазақстандық мамандармен қатар шетелдік сарапшылар да бейнебайланыс арқылы қатысты.

Сессия барысында сарапшылар еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтырудағы ғылымның рөлі, геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні геология саласына енгізу, сондай-ақ кадр даярлау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Анықтама үшін: Жезқазғандағы Геологиялық кластер құрылысына салынған инвестиция көлемі 11 млрд теңгеден асты. Нысанның жалпы ауданы 14 мың шаршы метрді құрайды. Керн сақтау қоймасының сыйымдылығы – 200 мың погон метр. Жоба аясында 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.





