Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Жезқазғанда «Қазақмыс ұлттық ойындары – 2026» басталды

«Намыс» спорт кешенінде Металлургтер күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Қазақмыс ұлттық ойындары – 2026» ұлттық спорт жарысы басталды. Екі күн бойы Жезқазған қаласы «Қазақмыс» Тобына қарасты кәсіпорындардың компанияға қатысы бар барлық өңірлерінен келген өкілдерінің басын қосқан спорттық дода алаңына айналды.

Ойынның ашылу салтанаты командалардың шеруімен басталды. Биылғы жарысқа компанияның 200 жұмыскері қатысуда. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев спортты дамыту Қазақмыстың әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Қазақмыс үшін спорт тек жарыс өткізумен ғана шектелмейді. Компания өңірлерде заманауи спорт инфрақұрылымын дамытып, жаңа спорт кешендерін салып, жас спортшылардың жаттығуына қолайлы жағдай жасауға күш салуда. Өйткені дені сау ұлт пен белсенді ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Биылғы ұлттық ойындардың Қауіпсіздік жылы аясында ұйымдастырылып жатқанының мәні зор. Сондықтан барлық жарыстың әділ өтіп, әрбір қатысушы қауіпсіздік талабын сақтай отырып, өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсетеді деп сенемін», – деді Мұқан Үңгітбаев.

Биылғы ұлттық ойындарда 13 команда жеңіс үшін бақ сынауда. Олар: JTKO-1, JTKO-2, QTKO, BTKO, SJTKO, Ғ. Омаров атындағы ШПТ, ӘБП құрама командасы, «Kazakhmys Barlau», «Kazakhmys Smelting» (ЖМЗ), «Kazakhmys Smelting» (БМЗ), «Kazakhmys Maintenance Services», «Maker» және Жезқазған медициналық орталығы.

Жарыс бағдарламасына күш-қайратты, төзімділікті, дәлдік пен тактикалық ойлауды және командалық әрекетті талап ететін ұлттық ойынның жеті түрі енгізілген. Атап айтқанда қатысушылар қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық ату, бес асық, таяқ тарту, арқан тарту және садақ атудан сынға түседі.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом және төсбелгімен марапатталады. Ал қазақ күресі турнирінің бас жүлдесі – чемпиондық белбеу ойынның ең мықты балуанына табысталады.

«Қазақмыс ұлттық ойындары» – компанияның корпоративтік спорт мәдениетінің маңызды бөлігі. Бұл бастама командалық рухты нығайтуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға және әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлерін ортақ құндылық, адал бәсеке мен өзара құрмет қағидаттары төңірегінде біріктіруге ықпал етеді.