Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Жезқазғанда кардиохирургтердің командасы жасақталуда

«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-да Астанадағы UMC Жүрек орталығының кардиохирургтер командасында 14 жыл еңбек еткен кардиохирург Яков Мауль жұмысын бастады. Онымен бірге Жезқазғанға дәрігер-резиденттер Әли Нұритдинов пен Мағжан Төлепберген келді.

Жаңа команда жұмысына кірісіп, алғашқы операцияларды өткізді. Ота сәтті жасалып, емделушілер қазір кардиология бөлімінде ем алып, операциядан кейінгі оңалтудан өтуде.

Яков Мауль ересек пациенттердегі жүрек ауруларын хирургиялық жолмен емдеуге маманданған. Ол ишемиялық жүрек ауруы кезінде жүрек тамырларына, сондай-ақ туа біткен және жүре пайда болған ақау кезінде жүрек қақпақшаларына ота жасайды. Негізгі бағыты – жүрекке жасалатын ашық операция. Клиникалық жағдайға қарай аз инвазивті әдіс те қолданылады.

Маманның келуі және өз командасының жасақталуы – Жезқазғандағы кардиохирургияны дамытудың келесі кезеңі болмақ. Негізгі міндет – қалада күрделі отаны өз күшімен жүргізіп, өңір тұрғындарына басқа қалаға бармай-ақ мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін толыққанды кардиохирургиялық қызмет қалыптастыру.

— Біздің мақсатымыз – кардиохирургиялық операцияларды өз бетінше жасай алатын толыққанды команда құрып, өңірде кардиохирургия қызметінің қалыптасуына үлес қосу, – деді Яков Мауль.

Кардиохирургияны дамыту үшін Медициналық орталық қажетті заманауи жабдықпен қамтамасыз етілуде. 2025-2026 жылдары «Қазақмыс» медициналық құрал-жабдық сатып алуға шамамен 900 млн теңге бағыттады. Алдағы уақытта клиниканың мүмкіндігін кеңейтетін қосымша жабдықтар жеткізіледі.

Кардиохирургия бағыты UMC-мен бірлесіп дамып келеді. Жүрек орталығының мамандары Жезқазғанға тұрақты түрде келіп, ота жасап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасады. Бұл бағыт 2025 жылғы тамызда іске қосылып, Жезқазғанда алғашқы отаны белгілі кардиохирург Юрий Пя жасады.

Сондай-ақ жергілікті мамандарды даярлау жұмысы қатар жүргізілуде. Ынтымақтастық туралы меморандум аясында Медициналық орталықтың қызметкерлері Астанадағы UMC базасында оқып, біліктілігін арттыруда. Қазір реаниматолог-анестезиолог, аритмолог, перфузиолог және мейіргерлер кардиохирургиялық пациенттерге операциядан кейінгі оңалту мен күтім көрсету бағдарламасы бойынша білім алуда.

Осылайша UMC-пен ынтымақтастық жекелеген операцияларға маман шақырудан Жезқазғанның өзінде тұрақты кардиохирургтер командасын қалыптастыруға қарай кезең-кезеңімен дамып келеді.