Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Сәтбаевта «Қазақмыс» компаниясының 112 маманы жабдықтарды жөндеу кезінде жарақаттанудың алдын алу шараларын талқылауда

Сәтбаевта «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС-ның 112 өкілін біріктірген өндірістік қауіпсіздік жөніндегі екі күндік форум басталды. Қатысушылар өндірістегі жазатайым оқиғалардың себебін талдап, тау-кен жабдықтарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кезінде жарақаттанудың алдын алу шараларын әзірлеуде.

Форум жұмысына кәсіпорын басшылары, өндірістік учаскелер мен цехтардың жетекшілері, шеберлер, сондай-ақ «Жезқазғансервис» және Тау-кен шахта жабдықтары зауытының мамандары қатысуда.

Жер асты техникасын жөндеу жұмысы өндірістік қауіп-қатермен байланысты болғандықтан, оның әр кезеңінде қауіпсіздік талабын қатаң сақтау қажет. Бұл ретте жабдықты дайындау, жұмыс орнын ұйымдастыру және жөндеу жұмысын жүргізу мен аяқтау барысы ерекше назарда болуы тиіс.
Форум ықтимал қауіпті жағдайды анықтауды, қолданыстағы қорғаныс шараларының тиімділігін бағалауды және жазатайым оқиғалардың алдын алудың қосымша жолдарын белгілеуді мақсат тұтты.

Талқылауға өндірісте орын алған жарақаттанудың нақты оқиғалары негіз болды. Қатысушылар мән-жайды қарастырып, техникалық және ұйымдастырушылық себебін талдады. Сонымен қатар жұмысты орындаушылардан бастап құрылымдық бөлімшелердің басшыларына дейінгі басқарудың әр деңгейіндегі іс-қимылға баға берді.

Жұмыс орындарын дайындау, жабдықтардың техникалық жай-күйі, қауіптілігі жоғары жұмысқа рұқсат беру тәртібі, өндірістік қызметтің өзара іс-қимылы және қауіпсіздік талабының сақталуын бақылау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жұмыс басшылар мен мамандардың бірлесіп, практикалық шешім әзірлеуіне мүмкіндік беретін топтық талқылау форматында ұйымдастырылды.

Форум қорытындысы бойынша «Kazakhmys Maintenance Services» кәсіпорындарында ауыр және өлімге әкелетін өндірістік жарақаттанудың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді. Қатысушылар ұсынған бастамаларды екі апта ішінде пысықтап, жауапты орындаушыларды, іске асыру мерзімін және қажетті ресурстарды айқындауды жоспарланып отыр.

Форум Қазақмыста жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында өтуде. Бұған дейін осындай іс-шара Ғ. О. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде және Қарағанды шахтапроходкалау басқармасында ұйымдастырылған болатын.