Қазақмыс өндіріске жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуде
Қазақмыста өндірісті басқару, өнеркәсіптік қауіпсіздік және геологиялық барлау бағыттарында цифрлық жүйені дамыту жұмысы жүргізілуде. Жаңа технологиялар жабдықтардың жұмысын бақылауға, өндірістік көрсеткіштерді қадағалауға, ықтимал тәуекелдерді анықтауға және технологиялық үдерістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Компаниядағы цифрлық трансформацияның нәтижесі туралы цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында айтылды.
Негізгі жобалардың бірі – 2026 жылғы қазанда Жезқазған қаласында ашылған Бірыңғай диспетчерлік орталық болды. Орталықта тау-кен ісі, кен байыту, теміржол логистикасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттары бойынша ақпарат бір жүйеге біріктірілген.
Бірыңғай жүйеде өндірістік көрсеткіштер, жұмыскерлер мен техниканың орналасқан жері туралы дерек, бейнебақылау камераларынан алынған ақпарат және интеллектуалды бейнесараптама нәтижесі көрсетіледі. Ол мамандарға жоспарлы және нақты көрсеткіштерді салыстыруға, ауытқуларды анықтауға, жабдықтардың тоқтап қалу себебін талдауға және ықтимал қауіпті жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті цифрлық бақылауға ерекше назар аударылады. «Жомарт» кенішінде шахта атмосферасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Стационарлық газ талдағыштардан алынған деректер Бірыңғай диспетчерлік орталыққа жіберіледі. Бұған қоса 130 портативті газ талдағыш қолданылады. Ал өздігінен жүретін жер асты техникасының 62 бірлігі газ концентрациясын бақылауға арналған метан-релемен жабдықталған.
Кәсіпорындарға үш өңірдегі 59 нысанды қамтитын қолжетімділікті бақылау және басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар өндірістік алаңдардағы сымсыз байланыс инфрақұрылымы кеңейтілуде.
Цифрлық технологиялар геологиялық барлау саласында да белсенді қолданылуда. 2026 жылы бұл бағытта жалпы инвестиция көлемі 18,2 млн долларды құрайтын 20 жоба жүзеге асырылуда. Геологиялық ақпаратты сақтау мен өңдеуге арналған бірыңғай цифрлық орта құрылды. Сондай-ақ 50 техника бірлігін мониторингтеу жүйесі енгізілді. Жезқазғандағы геологиялық кластерде кернді зерттеу, деректерді өңдеу және цифрлық геологиялық модельдерді қалыптастыру үшін ANCORELOG және LithoLens заманауи кешендері қолданылуда. Ал шалғай учаскелерде байланысты қамтамасыз ету мақсатында Starlink спутниктік жүйесі пайдаланылып жатыр.

Жезқазған, Балқаш байыту фабрикаларында ұсақтау жабдықтарының мониторинг жүйелерін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Цифрлық құралдар агрегаттардың техникалық жай-күйін бақылауға, ақауларды дер кезінде анықтауға және жөндеу жұмысын жоспарлауға арналған.
Жеке бағыттардың бірі – тау-кен жұмысын жоспарлау кезінде цифрлық модельдеуді қолдану. 2026 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс аясында цифрлық құралдарды енгізуге 3,3 млрд теңге бағытталды. Бұдан бөлек геотехникалық сүйемелдеуге және үш өлшемді геомеханикалық модель жасауға 800 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.
Кәсіпорындарда кен орындарының блоктық және қаңқалық модельдері қолданылуда. Келесі кезеңде тау-кен геологиялық жағдайын барынша дәл талдау мақсатында үш өлшемді литологиялық, құрылымдық және геомеханикалық модельдеу бағытын дамыту көзделген.

Алдағы жобалардың қатарында өндірістік тапсырмаларды автоматтандыруға басымдық беріледі. Электронды жүктелім-тапсырмаларды енгізу, жұмыс орындарының дайындық деңгейін цифрлық бағалау және тау-кен жабдықтарының жұмыс операциясын есепке алу жоспарлануда.
Тапсырмалардың орындалуы туралы ақпарат кеніштің цифрлық картасында көрсетіледі. Бұл басшылар мен мамандарға өндірістік үдеріс барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақмыстың цифрландыру жұмысы өндірістік тізбектің негізгі кезеңдерін – геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны байыту мен тасымалдауға дейінгі үдерісті қамтиды. Жаңа технологияларды енгізудегі басты мақсат – жабдықтың сенімділігін арттыру, өндірістік тәуекелдерді азайту, ресурстарды ұтымды пайдалану және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасау.




