«Қазақмыста» мердігер ұйымдарға арналған бірыңғай қауіпсіздік стандарты енгізілді
«Қазақмыста» 2026 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланғаннан бері компания өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жүйесін жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Компания өндірістік нысандарында қауіпсіздік талабын күшейткеннен кейін, бірыңғай стандартты мердігер ұйымдардың қызметіне де енгізді.

Мердігер ұйымдарға арналған Өндірістік қауіпсіздікті басқарудың бірыңғай стандарты бекітілді. Құжат «Қазақмыс» қызметкерлері мен Топтың өндірістік нысандарында жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың жұмыскерлеріне бірдей талап қояды. Стандарттың негізгі міндеті – өндірістік тәуекелдерді төмендетіп, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету.
Бақылау мердігерді жұмысқа жіберу кезеңіне дейін басталады. Сатып алу рәсімін жүргізу барысында персоналдың біліктілігі, техниканың жағдайы және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің тиімділігі бағаланады. Қауіпсіздік талабына сай келмейтін компаниялар жұмысты орындауға жіберілмейді.
Жұмыс басталғаннан кейін мердігер ұйымдардың қызметі «бағдаршам» қағидаты бойынша бағаланады: жасыл аймақ – тәртіп бұзушылық анықталмаған, жоспарлы бақылау жүргізіледі; сары аймақ – белгіленген мерзімде жойылуы тиіс тәртіп бұзушылық анықталған; қызыл аймақ – өрескел немесе жүйелі түрде қайталанатын тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда, тәуекел толық жойылып, қайта аудит жүргізілгенге дейін жұмыс тоқтатылады.
Сондай-ақ стандартта әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда, тәртіптік жаза қолданылмай-ақ жұмысты тоқтату құқығы бекітілген.
Мердігер ұйымдардың жұмыс нәтижесі кейінгі сатып алу рәсімінде ескеріледі. Қауіпсіздік талабын жүйелі түрде бұзған компаниялар тендерге қатысудан шеттетілуі мүмкін.
Стандарт «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның барлық өндірістік нысандары мен Топ құрамындағы 27 еншілес компания үшін міндетті болып табылады.
Бұған дейін Қауіпсіздік жылы аясында «Қазақмыс» мердігер ұйымдардың қызметкерлерін оқытуға арналған Qauipsizdik Start (QStart) бағдарламасын іске қосқан болатын. Жыл соңына дейін өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай талабы бойынша 10 мыңнан астам жұмыскер оқытудан өтеді.
Стандартты қолданысқа енгізу адам өмірі мен денсаулығын басты құндылық ретінде айқындайтын өндірістік қауіпсіздіктің бірыңғай жүйесін қалыптастырудың кезекті кезеңі болды.



