Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыста газ-ауа ортасын бақылау айлығы басталады

2026 жылғы қарашада Қазақмыс кәсіпорындарында жер асты және жер үсті нысандарындағы газ-ауа ортасын бақылауға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша тақырыптық айлық өтеді. Оның басты міндеті – қауіпті газдардың болуымен және желдетудің жеткіліксіздігінің салдарынан туындайтын өндірістік тәуекелдердің алдын алу.



Әсіресе, кен қазбалары мен өндірістік үй-жайларда газдардың қауіпті концентрациясын дер кезінде анықтауға ерекше назар аударылады. Өйткені ауа ортасының жай-күйі жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді.

Қауіпсіздіктің негізгі талаптарының бірі – қауіпті аймақтарда жұмыс басталғанға дейін газ-ауа ортасына қажетті өлшеу жүргізу. Бақылау жарамды әрі белгіленген тәртіппен тексеруден өткен газ талдағыштар арқылы, желдету талаптары мен өлшеу мерзімін сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс.



Газдардың қауіпті концентрациясы анықталған жағдайда жұмыс дереу тоқтатылып, жұмыскерлер белгіленген тәртіпке сәйкес қауіпті аймақтан шығарылуы тиіс. Жұмысты қайта бастауға қауіп жойылып, қауіпсіздік талаптары толық орындалғаннан кейін ғана рұқсат беріледі.

Айлық аясында кәсіпорындарда тақырыптық нұсқамалар мен қызметкерлерді оқыту шаралары өткізіледі. Жұмыскерлерге газ талдағыштарды пайдалану ережелері, газдардың қауіпті концентрациясын анықтау тәртібі және штаттан тыс жағдай туындаған кездегі іс-қимылдар, оның ішінде апатты жою жоспарының талаптары түсіндіріледі.

Сондай-ақ жабдықтардың ақауы, желдету жүйесіндегі ауытқулар және газдардың рұқсат етілген шекті концентрациядан асуы туралы басшыларға дер кезінде хабарлауға баса ерекше назар аударылады. Өлшеу нәтижелерін жасыруға және ауа құрамы қауіпті болған жағдайда жұмысты жалғастыруға жол берілмейді.

Қараша айындағы айлық Қазақмыста 2026 жылы жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында өткізіледі. Тақырыптық іс-шаралар өндірістік тәуекелдердің алдын алу тиімділігін арттыруға, жұмысты қауіпсіз ұйымдастыруда басшылардың жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.