Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыстың 1 600-ден астам жұмыскері тәлімгерлік бағдарламасына қатысуда

2026 жылы «Қазақмыс» Тобының тәлімгерлік жүйесі 1600-ден астам тәжірибелі маманды біріктіреді. Олар жаңа қызметкерлерге мамандықты меңгеруге, практикалық дағдыларды қалыптастыруға және өндірістік жағдайға бейімделуге көмектеседі.

Бағдарлама төрт бағытты қамтиды: жаңа қабылданған және басқа лауазымға ауыстырылған қызметкерлерді бейімдеу, кадр резервін даярлау, өндірістік практика мен дуальды оқыту, сондай-ақ кәсіби тағлымдама.

Тәлімгерлер қатарында қажетті кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтайтын білікті қызметкерлер болады.

Компанияда тәлімгерліктің үш деңгейі қарастырылған. Төртінші деңгейдегі тәлімгерлер жаңа жұмысшылар мен колледж студенттерін оқытады. Бесінші деңгейдегі тәлімгерлер студенттердің өндірістік практикасы мен дуальды оқуын сүйемелдейді. Алтыншы деңгейдегі тәлімгерлер инженерлік-техникалық мамандар мен кадр резервін даярлауға және кәсіби тағлымдама ұйымдастыруға қатысады.

Оқытудың негізгі бөлігі тікелей жұмыс орнында өтеді. Тәжірибелі әріптестердің жетекшілігімен қызметкерлер жабдықтармен танысады, технологиялық үдерістерді меңгереді, өндірістік операцияларды дұрыс орындауды және ықтимал қауіптерді анықтауды үйренеді. Даярлық бекітілген бағдарламалар бойынша жүргізіліп, қызметкердің міндеттерді өз бетінше орындауға дайындығын бағалаумен аяқталады.

Қауіпсіз еңбек дағдысын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Тәлімгерлер қызметкерлерге өндірістік тәуекелдерді бағалауды, жеке қорғаныс құралдарын дұрыс қолдануды және штаттан тыс жағдайда әрекет етуді үйретеді. Бұл ретте тәжірибелі маманның жеке үлгісі маңызды рөл атқарады.

Тәлімгерлерге материалдық ынталандыру қарастырылған. Технологиялық үдерістерге қатысатын жаңа және басқа лауазымға ауыстырылған қызметкерлерді бейімдегені үшін тәлімгерге тарифтік мөлшерлемесінің немесе лауазымдық жалақысының 10%-ы мөлшерінде ай сайын қосымша ақы төленеді. Дайындықтан өткен қызметкер өз бетінше жұмыс істеуге жіберілгеннен кейін тәлімгерге әр қызметкер үшін тарифтік мөлшерлемесінің немесе лауазымдық жалақысының 20%-ы мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі.

Кадр резервіндегі қызметкерді табысты даярлағаны үшін 15 АЕК, ал өндірістік практика мен кәсіби тағлымдаманы сүйемелдегені үшін бағдарламада белгіленген шарттарға сәйкес 20 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған.

Компания тәлімгерлерге арналған оқыту курстарын, жыл сайынғы семинарлар мен тәжірибе алмасу кездесулерін ұйымдастырады. Сонымен қатар тау-кен металлургия саласындағы Қазақстанның басқа кәсіпорындарында тағлымдамадан өту мүмкіндігі беріледі.

Тәлімгерлік жүйесі кәсіби тәжірибені сақтауға, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге және Қазақмыс кәсіпорындары үшін білікті кадр даярлауға мүмкіндік береді. Тәжірибелі әріптестердің қолдауының арқасында жаңа қызметкерлер қажетті білім мен практикалық дағдыны меңгеріп, болашақта өздері мамандардың келесі буынына тәлімгер бола алады.