Қазақмыста жұмыскерлерді алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту басталды
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да жұмыскерлерді алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретуге бағытталған корпоративтік жоба бастау алды. Бағдарлама қауіпсіздік мәдениетін дамыту және төтенше жағдай кезінде персоналдың әрекет ету дайындығын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда.

Оқыту «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында халықаралық BLS (Basic Life Support) бағдарламасы бойынша өткізілуде. Бір күн ішінде қатысушылар жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, автоматты сыртқы дефибрилляторды (AED) пайдалану және медицина қызметкерлері келгенге дейін алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгереді. Практикалық сабақты сертификатталған анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер заманауи оқу-жаттығу жабдықтарының көмегімен өткізуде.

Алғашқы кезеңде оқытуға 226 жұмыскер қатысады. Алдағы уақытта Қазақмыс басшылығының бастамасымен жоба компания кәсіпорындарының шамамен 38 мың қызметкерін қамтып, Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы алғашқы көмек көрсетуге оқыту жөніндегі ең ауқымды корпоративтік бағдарламалардың біріне айналмақ.
Жоба жұмыскерлердің төтенше жағдай кезінде әрекет ету дайындығын арттыруға және өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін одан әрі дамытуға бағытталған.




