Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыста биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу айы басталды

1 шілдеден бастап «Қазақмыс» Тобының барлық кәсіпорындарында компанияда жарияланған Қауіпсіздік жылы аясында жүзеге асырылып жатқан қауіпсіздік мәдениетін дамыту бағдарламасының жаңа кезеңі басталды. Бір ай бойы өндірістегі ең қауіпті тәуекелдердің бірі – биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Бағдарлама тақырыптық ай қағидаты бойынша құрылған. Әр ай өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жеке бір бағытына арналады. Маусым айында барлық өндірістік алаңдарда «Қауіпті энергия көздерін оқшаулау» (ЭКО) корпоративтік стандарты енгізілді. Аталған стандарттың талаптары тұрақты негізде қолданылады. Шілде айында биіктікте жұмысты орындау кезінде туындайтын тәуекелдердің алдын алуға ерекше назар аударылады. 

Компанияда қауіпсіздік талабын өрескел бұзу тізбесі жаңартылды. Мұндай жағдай анықталғанда қауіпті фактор толық жойылғанға дейін жұмыс дереу тоқтатылады. Оларға жұмысқа кірісуге рұқсаттың болмауы, нұсқамадан өтпеу, сақтандыру құралын қолданбай жұмыс істеу, ақауы бар жабдық пен жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, жұмыс аймағының шекарасын бұзу, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында жұмыс істеу жатады.

Осы ай бойы барлық өндірістік алаңдарда жұмыскерлер мен басшыларға арналған практикалық сабақ және қосымша нұсқама өткізіледі. Сонымен қатар жұмыс алаңдарына, сатыларға, қоршаулар мен қорғаныс құралдарына техникалық аудит жүргізіліп, анықталған кемшілік жедел түрде жойылады. Қызметкерлерге ыңғайлы болу үшін өндірістік нысандарда QR-коды бар ақпараттық материал орналастырылады. Сол арқылы жұмыскерлер корпоративтік стандарт пен жұмысты қауіпсіз орындау талабына жедел қол жеткізеді.

Қазақмыста қауіпсіздік мәдениетін дамыту тек заманауи техникалық шешімдерді енгізумен шектелмейтіні атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыс өндірістік тәртіпке, оқытуға және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға тұрақты назар аударуды талап етеді. Сондықтан қауіпсіздікке арналған тақырыптық ай өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған компанияның жүйелі жұмысының маңызды бөлігіне айналуда.

Жұмыскерлердің қауіпсіздігі Қазақмыс үшін сөзсіз басымдық болып қала береді. Компанияның басты мақсаты – әрбір жұмыскер ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралатындай қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету.