Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Балқашта үздік металлургтер марапатталды

Балқаш қаласы үшін Металлург күні – басты кәсіби мерекелердің бірі. Бүгінде салада қаланың алты мыңнан астам тұрғыны еңбек етеді. Олардың көпшілігі атадан балаға жалғасқан еңбек әулеттерінің ізбасарлары. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Балқаш мыс балқыту зауытында 96 мың тоннадан астам катодты мыс өндірілді.

Кәсіби мерекеге орай қалада сала еңбеккерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Үздік металлургтерге ведомстволық және мемлекеттік наградалар табысталды.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс», – деп бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл сөздің сіздерге тікелей қатысы бар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Қарағанды облысындағы металлургия саласы Қазақстан экономикасының негізгі тірегінің бірі болып қала береді. Өткен жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,3 трлн теңгеден асты, оның шамамен 3,8 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтау сөзінде. – Бүгінде сала кәсіпорындары болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Заманауи технологиялар енгізіліп, экологиялық стандарт күшейтілуде, жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен саланың ең басты құндылығы – адам болып қала береді. Сіздердің біліміңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз металлургия саласының тұрақты дамуына серпін беруде.

Өңір басшысы металлургия саласының дамуына еңбек әулеттерінің қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Соның ішінде бірнеше буыны осы салада табысты еңбек етіп келе жатқан, өкілдерінің жиынтық еңбек өтілі жүз жылдан асқан Ақбергеновтер әулетін үлгі ретінде келтірді.

Салтанатты шара барысында Ермағанбет Бөлекпаев үздік жұмыскерлерге «Еңбек Даңқы», «Құрметті металлург» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальдарын табыстады.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі металлургтер еңбегінің маңызы мен Балқаш өндірістік алаңының келешегі туралы сөз қозғады. Ол компания қабылдайтын әрбір шешімнің негізінде адам, оның денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында тұратынын атап өтті.

– 2026 жылдың бірінші жартысында Балқаш мыс балқыту зауыты 96 мың тоннадан астам катодты мыс шығарды. Бұл көрсеткіш – сіздердің күнделікті тынымсыз еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің нақты нәтижесі. Біз өндірістік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, жабдықты жаңғырту, еңбеккерлердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Биыл Балқаш мыс балқыту зауытында ауқымды күрделі жөндеу бағдарламасы іске асырылып жатыр. ПВ-1 және ПВ-2 балқыту агрегаттарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Ғимараттардың шатыр жабыны жаңартылып, нөсер кәрізі жүйесі ауыстырылуда. Сонымен қатар кәсіпорынның техникалық жарақтандырылуы күшейтіліп, ауа баптау жүйелері орнатылуда. Жыл соңына дейін Балқаш өндірістік алаңына жалпы құны 166 млн теңгеден асатын екі заманауи жедел медициналық жәрдем көлігі сатып алынады. Одан бөлек «Гигиена» корпоративтік бағдарламасы аясында 2026 жылы әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 24 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 754 млн теңге бағытталды, – деді Руслан Өскенәлі.

Өндірістің тұрақты дамуы компанияның өзіне қатысы бар өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсартумен қатар жүреді. Бұл туралы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өз сөзінде тоқталды.

Ол компанияның инвестицияны тек кәсіпорындарды жаңғыртуға ғана емес, сонымен қатар қалалық инфрақұрылымды, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға да бағыттап отырғанын атап өтті.

– Компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының жалпы портфелі шамамен 45 млрд теңгені құрайды. Балқаш қаласында жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру қолға алынды. Алдағы жылдары мұнда заманауи балабақша және спортпен шұғылдануға, белсенді демалысты ұйымдастыруға, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін дамытуға арналған спорттық-туристік база салынады. Бұл – қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инвестиция, сонымен қатар қала болашағына қосылған үлес, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Балқашта Металлург күнін тойлау ауқымды мәдени бағдарламамен жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін отбасылық ойын-сауық шаралары, спорттық жарыстар және танымал әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шара отшашумен қорытындыланады.