Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Құрметті әріптестер!

Соңғы уақытта белгісіз тұлғалардың WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы жұмыскерлерге хабарласып, өздерін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылары ретінде таныстыратын алаяқтық әрекеттері тіркелуде.

Атап айтқанда, алаяқтар Басқарма төрағасының персоналды басқару жөніндегі орынбасары Ақмарал Серікқызы Найзабекованың аты-жөні мен фотосуреті қойылған жалған аккаунттарды пайдаланып, қызметкерлерден өзімен шұғыл байланысқа шығуын сұраған. Мұны олар «құпия» немесе «қызметтік» мәселені талқылау қажеттілігімен түсіндірген.

❗️ Назар аударыңыздар: мұндай хабарламалардың Ақмарал Серікқызына да, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға да ешқандай қатысы жоқ.

Сақтық шараларын сақтауларыңызды сұраймыз:
• өзін Компания басшысы ретінде таныстырған, бейтаныс нөмірлерден жолданған хабарламалар мен қоңырауларға жауап бермеңіз;
• жеке дерегіңізді, растау кодын, банк картасының деректемесін және қызметтік ақпаратты ешкімге жібермеңіз.
• ақша аудару, қандай да бір құжатты тапсыру немесе бағдарлама орнату туралы өтініштерді орындамаңыз;
• күмән туындаған жағдайда басшыңызбен өзіңізге белгілі корпоративтік байланыс арнасы арқылы тікелей хабарласыңыз.

Естеріңізде болсын: Компания басшылары мұндай тапсырма беру немесе құпия ақпаратты сұрату үшін жеке мессенджерлерді пайдаланбайды.
Қырағылық танытып, әріптестеріңізді ықтимал алаяқтық туралы ескертулеріңізді сұраймыз.