Өндіріс ырғағындағы дәстүр: «Қазақмыс» Наурызды қалай қарсы алды
«Қазақмыс» Тобына кіретін компаниялардың барлық негізгі құрылымдарында Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде аталып өтті. Мерекелік іс-шара қалалық алаңдармен қатар кәсіпорындардың аумағында да ұйымдастырылды. Бұл ауысымда және шалғайдағы кен орындарында еңбек етіп жүрген барлық жұмыскерлермен мерекелік қуанышты бөлісуге мүмкіндік берді.

Мерекелік алаңдарда киіз үй тігіліп, дастархан жайылды, әсем әуен шырқалды. Қызметкерлер Наурыздың ерекше рухын сезіну үшін бас қосты. Әкімшілік-тұрмыстық кешендердің асханаларында кеншілер мен металлургтерге арнап наурыз көже мен ұлттық тағамнан мерекелік мәзір ұсынылды. Бұл жұмыс орнында да мерекенің жылуы мен дәстүрдің жалғастығын сақтауға жол ашты.

Жезқазған өндірістік алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шара бірнеше бағытты қамтыды. Қызметкерлер «Ұлы дала дәстүрі» байқауы аясында театрландырылған қойылым қойып, «Беташар», «Тұсау кесу» сияқты ұлттық салт-жоралғыларын, сондай-ақ сирек кездесетін «Тоқымқағар» мен «Бастаңғы» дәстүрін қайта жаңғыртты. Сонымен қатар «Садақ ату» және «Қой көтеру» секілді ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс ұйымдастырылды.
Компанияның өзге өндірістік алаңдарында да мерекелік іс-шара бірлікті нығайтатын атмосферада өтті. Бағдарламада командалық жарысқа, ән-шашу мен ұлттық тағамға ерекше көңіл бөлінді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қызметкерлерді мерекемен құттықтады: «Наурыз – жаңару мен бірліктің және ізгі дәстүрдің мерекесі. Ол адамдарды жақындастырып, жүрекке үміт ұялатады және жасампаздыққа жетелейді. Бұл күні ұрпақ сабақтастығын сақтау, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және бір-бірімізге қолдау көрсету аса маңызды. Компания өзіне қатысы бар өңірлерді дамытуға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларын алдағы уақытта да жалғастырады. Оның ішінде Ұлытау облысында өмір сүру сапасына, білім беруге, денсаулық сақтауға және жастарды қолдауға ерекше мән беріледі».

Бұл сөз қызметкерлердің көңіл күйінен де айқын байқалды. Олар үшін Наурыз тек жаңарудың белгісі ғана емес, сондай-ақ ұжымның бірлігін терең сезінуге мүмкіндік беретін ерекше мереке.
«Ауысыммен жұмыс істейтіндер үшін өндірістегі Наурыз – бір сәт тыныстап, әріптестердің қолдауын сезініп, бірге уақыт өткізудің мүмкіндігі. Ауысымнан кейін сені әсем әуен мен дәмді дастархан қарсы алғанда, зауыттың немесе кеніштің үйреншікті ортасы өзгеше әсер қалдырады», – деді іс-шараға қатысушылардың бірі.

Вахталық кенттерден бастап ірі басқармаларға дейінгі ондаған алаң бір кісідей мерекелік іс-шараға атсалысты. «Қазақмыстағы» Наурыз ең алдымен дәстүрге деген құрмет пен ұрпақ сабақтастығының көрінісі. Әрбір қызметкердің жеке үлесінің арқасында ғасырлар бойғы мұра жалғасын тауып, ұжымды ортақ құндылықтың айналасына біріктірді.

















