TORO LH514: күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді
TORO LH514 жерасты тиеу-жеткізу машинасы кеніштерде тау-кен массасын тиеуге және тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі 14 тонна, шөмішінің көлемі 5,4 м³ болатын техника жоғары өнімділігімен, икемділігімен және сенімділігімен ерекшеленеді. Сондықтан ол жерасты кен өндіру үдерісінде негізгі технологиялық жабдықтың бірі саналады.
«Қазақмыс» мамандары тау-кен техникасының пайдалану мерзімін ұзарту және сенімділігін арттыру бағдарламасы аясында TORO LH514 машинасына күрделі жөндеу жүргізді. Жөндеу барысында жұмыс жабдығының негізгі тораптары мен жартылай рамасының топсалы жүйесі қалпына келтіріліп, трансмиссиясы мен гидравликалық жүйесі жөнделді. Сондай-ақ қозғалтқышы ауыстырылып, оператор кабинасы, электр жабдығы және гидравликалық коммуникациясы толық жаңартылды.
Жөндеу жұмысы аяқталып, сынақтан өткеннен кейін тиеу-жеткізу машинасы «Шатыркөл» кенішіне жіберілді. Мұнда ол жерасты жағдайында сенімді әрі тиімді жұмысты қамтамасыз етіп, өндірістік міндетті орындауды жалғастырады.





